Туризм

Аягөз ауданының туристік потенциалы

Аягөз ауданы Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-батыс жағында орналасқан. Батыста – Қарағанды облысымен, оңтүстікте - Алматы облысымен, солтүстікте – Абай, Жарма аудандарымен, шығыста – Үржар және Тарбағатай аудандарымен шекараласады.
Аягөз ауданы 1928 жылы құрылған. Жер көлемі 49,5 мың шаршы метр. Халық саны-73,4 мың адам. Оның ішінде: қазақтар - 70324, орыстар -2176, татарлар- 380, немістер-97, украиндар-39, белорустар-8, шешендер-21, корейлер-14, ұйғырлар-185 және басқа ұлттар саны-204 адамды құрайды. Аягөз ауданының орталығы - Аягөз қаласы. Аягөз қаласының іргетасы 1831 жылы қаланған. Қала мәртебесі 1939 жылы берілген. Аягөз ауданында 1 қала, 21 ауылдық округ, 1 кенттік округ бар.
Аягөз ауданы – абыздар елі, батырлар мекені. Аягөз жерінде А.Құнанбаевтың, Ш.Уәлихановтың, П.Семенов-Тянь Шанскийдің, Г.Потаниннің, А.Янушкевичтің ізі қалған. Аягөз жері - аңыздар жері. Аягөз ауданының тарихын көптеген белгілі адамдар жырына қосқан. Олардың ішінде: ақын Дулат Бабатайұлы, Ақтамберді жырау, белгілі айтыс ақыны Әріп Тәңірбергеновтерді атап өтпеске болмас.
Жер көлемі жағынан республика бойынша үшінші алып аудан саналатын Аягөз ауданы кеңдігімен ғана емес түрлі жәдігер ескерткіштер мен тарих таңбаларына бай өлке. Аудан аумағында тарихи ескерткіштер көп. Олардың ішіндегі ең танымал ескеркіштерге тоқталып өтейік.

  • Аягөз ауданының туристік потенциалы
  • Аягөз ауданының туристік потенциалы

 

(Махаббаттың символы - «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» кесенесі. Аягөз ауданының Тарлаулы ауылдық округінің Таңсық елді мекенінен 13 шақырым жерде орналасқан.)

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу мазары – 10 – 11 ғасырларда тұрғызылған сәулет өнері ескерткіші. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Тарлаулы ауылдық округі Таңсық ауылына таяу, Аягөз өзенінің оң жағалауында орналасқан. Мазар туралы алғаш жазған академик И.П. Фальк (1771). 19 ғасырдың 30-жылдары В.Федоров, 40-жылдары А.И. Шренк, Ш.Уәлиханов (1856), Н.А. Абрамов (1858), М.Путинцев (1863), Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетек. Ә.Марғұлан) зерттеген (1952).
Қозы Көрпеш — Баян Сұлу — XIII-XIV ғасырлардан бастап жырланып, XIX ғасырдың ортасында қағазға түскен қазақ халқының лиро-эпостық жыры. Поэма Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже ақындардың орындауында ауызша таралған. 20-ға жуық нұсқасының ішінен ең белгілісі - Жанақтың нұсқасы. Алғаш ел арасынан жинап, хатқа түсіргендер: Г.Саблуков (1830), Ғ.Дербісалин (1834), А.Фролов (1841), Шоқан Уәлиханов (1856). Жырдың мазмұнын М.Путинцев орыс тіліне аударып бастырды (1856), кейін В.Радлов «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» жинағының 3-томына еңгізді (1870). Жыр Сарыбай мен Қарабайдың аң аулай жүріп құда болып, Қозы мен Баянды күні бұрын атастыруынан басталады. Сол кезде аң аулап жүріп, ұлды болғанын естіген Сарыбай, баласын көре алмай қаза табады. Атастырылып қойған Қозы мен Баян, жүздерін көрмегенімен бір-біріне ғашық болады. Уақыт өте келе сараң Қарабай қызын жетім ұлға бергісі келмей, бір кезде отарын жұттан құтқарған, жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың арасына тосқауыл болған Қодар, айласын асырып, зұлымдықпен Қозының басын алады. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян, өш алу үшін қулыққа көшеді. Ол Қодарға өзіне құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, айлакер қыз бұрымын кесіп тастайды: Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап қаза табады. Сөйтіп Қозының кегі қайтарылады. Батыр қыз ғашығының күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып қол жұмсайды.

Барақ сұлтан кесенесі — 19 ғасырдың 2-жартысынан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Аягөз қаласы мен Үшбиік стансасының аралығында, Ақшоқы тауының етегіндегі Ащысу алабында орналасқан. Оны Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясы ұйымдастырған экспедиция зерттеген (1990). Қазақстандағы саздан жасалған ең биік кесенелердің бірі.

Барақ сұлтан Найманның Сыбан руын басқарған, заманында жиһанкез Адольф Янушкевич, Құнанбай мен Барақ сұлтан «даланың барлық жұртының ішіндегі екі ең жарық жұлдыздары» деп жазған. Барақ батыр 1859-1860 жылдарда хан болып сайланған. Ол 1862 жылы елу жасқа толмай қайтыс болған.

Балтабек қажы кесенесі — 20 ғасырдың басынан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында Ай өзінінің оң жағалауындағы тегіс қыратта орналасқан. Қазақстандағы саздан жасалған ең биік кесенелердің бірі.
Балтабек Байсұлтанұлы, Балтабаек қажы (1860 ж. Жетісу облысы Лепсі уезінің Сергиополь округі, Тауқұм-Балқаш болысының №6 ауылы - 1921, Лепсі) - қазақ биі, қоғам қайраткері, қажы. Қаракерейден тараған Семіз Найман табының Қожан деген атасының ұлы. Әкесінен 13 жасында жетім қалған. 14 жасқа дейін ауыл молдасынан хат танып, сауатын ашқан. Өте қарулы, қайратты, жастайынан зерделі, зерек болып өскен. Бозбала жасынан Қожан ауылының билігіне араласып, ел көзіне ерте түседі. Кейін келе әділ би деген атағы Семіз Найман руынан асып, Арқа, Жетісу өңірлеріне кеңінен жайылады. Балтабек қажы Найман еліндегі айтулы үш шежірешінің бірі.
Әулие қыз мазары - 18 ғасырдан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Малкелді ауылдық округі Жорға ауылынан батысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан. Әулие қыздың кім екені жайлы дерек жоқ, бірақ ол жерленген бейіт орналасқан тұстың жоғары жағынан 5 шипалы бұлақ ағып шығып, жылға құрайды. Әулие Қыз мазарын жергілікті тұрғындар киелі орын ретінде қастерлейді.
Дала дарыны Дулат Бабатайұлы 1802 – 1874 жылдары өмір сүрген. («Бес ғасыр жырлайды» кітабында 1802-1871 жылдар деп көрсетілген.) Ол қазіргі Аягөз ауданы Ақшатау ауылдық округі Сандықтас – Ақжайлау деген жерде туған. Ақынның жерленген жері де осы жер. Орта жүз құрамындағы найман тайпасынан шыққан. Өмірі туралы деректер толық зерттелмеген. Дулат Бабатайұлы — көрнекті ақын. Өлеңдері ел ішінде көп тараған. 1880 жылы Қазанда жарық көрген «Өсиетнама» деген жинағына ақынның замана туралы толғаулары енген.
Шақантай батырдың мазары қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданына қарасты Шұбартау өңіріндегі Бақанас өзенінің бойындағы «Орта Қарауыл» төбесінде орналасқан».
Шақантай Жауғашарұлы (1706 — 1791) — батыр. 1706 жылы, Алтай тауының Сауыр деген жерінде дүниеге келген. Орта жүз руы – Абақ Керей ішіндегі Жастабан. 18 ғасырда өмір сүріп, қиын-қыстау кезеңде қансыраған халқына қалқан, қорған болған. Қазақ-жоңғар соғысында қазақ халқының қас батырлары, бас батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, ер Жәнібектермен бірге бірнеше шешуші шайқастарға қатысқан. 14 жасынан жоңғарларға қарсы күреске бастан аяқ қатысқан. Қазақ — жоңғар соғысында Қабанбай, Жәнібек тархан, тағы басқа батырлармен бірге ірілі-ұсақты 34 шайқаста ерлік көрсеткен. 1724 ж. Қабанбай батыр бастаған отыз мың әскер Аягөз өзені бойында жоңғарлармен арадағы соғысында 18 жасар Шақантай жоңғар батырын жекпе-жекте жеңіп, батыр атанды.

Аягөз ауданының туристік потенциалы Байғара би және Ақтайлақ би кесенелері Аягөз қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 78 шақырым, Сарыарқа ауылдық округінің Сарыарқа ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан. Ескерткішті 1991 жылы Алматы архитектура және құрылыс академиясының экспедициясы (жетекшісі Е.М. Бәйтенов) зерттеген.

Байғара Құттыбайұлы (1699-1775) би, ақын. Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сыр бойында дүниеге келген. Орта жүздің (Найман) Сыбан руынан шыққан. Атасы Нарымбай би Ташкентте бек болса, ал әкесі Құттыбай би қазақ тарихында асқан шешендігіне орай «Қу дауысты Құттыбай» атанған.

Ақтайлақ Байғараұлы (Ақтайлақ би) 1720-1816 жылдары аралығында ғұмыр сүрген, қазақ халқының атақты шешен биі, әрі төкпе ақын. Орта жүздің (Найман) Сыбан руынан шыққан. Ақтайлақ би заманында алдына жан салмайтын, үлкен рулардың шешендігімен бас қосқан алқалы жиындарда сөйлесіп қағысқанда бір ауыз мақалмен немесе толғау жырымен ел тоқтататындықтан қазақтың қара тілі атаныпты.
Жобалай би кесенесі Аягөз ауданы Мәдениет ауылдық округінің Мәдениет ауылына қарасты жерде Дағанды өзенінің Балқашқа құйылысынан жоғары жерде орналасқан. Жобалай би кесенесі құйма кірпіштен құйып қаланған недәуір биік шошақ мазар болған. 2000 жылдың жазында ақ кірпіштен әшекейленіп, кең де, еңселі күмбез болып қайта тұрғызылған.
Жобалай би Жобалай би 1700-1770 жылдары өмір сүрген батыр, би адам болған. Орта жүз руы – Абақ Керей ішіндегі Жастабан. Жобалай Байсейітұлы Алтай керейлері Шұбартау жеріне қоныстанғаннан кейінгі тұңғыш би. Ол 12 жасында бала би атанған.
Бегеш шешен мазары — (Бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданындағы «Горный» совхозы) Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Байқошқар ауылдық округінің Байқошқар ауылынан 18 шақырым жерде орналасқан. 2000 жылдың жазында ұрпақтары мен жергілікті Байқошқар ауылының тұрғындарының қолдауымен Бегеш шешен мазары қайта бой көтерді.
Бегеш шешен. Бегеш Сабанұлы - 1834-1911 жылдар аралығында өмір сүрген қазақтың аса алғыр, ділмәр атақты биі. Бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданындағы «Горный» совхозының жерінде, Бақанас өзенінің бойында туған. Руы Жастабан Керей.
Бегеш шешен ұлы Абаймен қатарлас, замандас, қимас дос болған. Талай жиын-билік кенестерде екеуі бірге жүріп, талай елдің тағдырын бірге шешіскен. Абайсыз, Бегешсіз дау бітімін таппаған. Бегеш Абайды «Қазақтан шыққан жеке дара данышпаным, ақылгөйім, ардағым» деп, оның кемеңгерлігін жоғары бағаласа, Абай Бегешті: «Бұл өңірде Бегештен асқан шешен жоқ, Керей маған Бегешін берсе, мен Тобықтының барлық игі жақсыларын берер едім», - деп қасынан орын берген екен.
Байғотан би мазары – (Бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданының «Алғабас» совхозы) Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Малкелді ауылдық округінің «Бабаң өзені»-деп аталатын қара сумен ағатын кішкене өзеннің оң жағалауында, Қайнар – Баршатас тас жолынан 3 шақырым, ал Малкелді ауылынан 20 шақырым жерде орналасқан. Бұл мазар Байғотанның тірі күнінде ағасы Болатқа соғылса керек, ішінде екі-үш қабір бар: Болат, Байғотан, қарындасы Болғандікі. Болған арғын еліне ұзатылған, қайтыс боларында өз өсиеті бойынша екі ағасының қасына әкеліп, жерленген.
1998 жылы қыркүйек айында Бабаның бұрынғы күмбезінің сыртынан ақ кірпіштен мазар тұрғызылған.
Байғотан би – 1739-1834 жылдар аралығында өмір сүрген қазақтың аса алғыр биі. Руы Жастабан Керей. 95 жасында қайтыс болған. Қосай Байғотан би жас кезінде батаны Бекназардан шыққан Қожагелді Томан биден алған екен.

Аягөз ауданының туристік потенциалыШынғожа Базарқұлұлы - 1706 – 1768 жылдар аралығында өмір сүрген.
18 ғасырдағы Жонғар шапқыншылығына қарсы соғыстарда ерен ерліктер жасап, қазаққа даңқы жайылған батыр, қазақ жасақтарының қолбасылырының бірі. Шынқожаның батыр атағы алғаш шыққаны – Жонғардың «Аюқара» атанған Доба деген батырымен жекпе-жекке шығып, оны өлтірген кезі, ол кезде батыр 21 жаста екен. Қазақ-қырғыз арасында болған қақтығыста Шыңқожа батыр қоршауда қалып, өз бармағын қылышпен шауып орап, сау қалған батырларға қазақ жерінде көмуге аманат ретінде тапсырған, өзі сол «Жайыл қырғыны» деп аталған шайқаста ерлікпен қаза табады. Шыңқожа батырдың денесі қай жерде жерленгені белгісіз, ал бармағы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Нарын ауылдық округінің Шынқожа ауылында Нарын өзеннің бойындағы төбеге көмілген. Аталған төбенің төменгі жағындағы жотаға Шыңғожа батырдың ескерткіші орнатылған.

Әріп Тәңірбергенұлы (азан шақырып қойған аты Мұхамедғаріп) 1856 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Майлин ауылдық округіне қарасты Еңірекей елді мекеніңде дүниеге келген. Руы - Сыбан ішінде Жанкөбек. Ақын 1924 жылы 68 жасында Еңірекей бекетіне таяу Жыланды деген жерде қайтыс болған. Сүйегі сондағы өз қыстауы Қарабұлаққа жерленген. Әріп Тәңірбергенұлының жерленген жері Аягөз қаласынан 65 шақырым жерде орналасқан.

Сондай-ақ, Аягөз ауданымен шекаралас көрші Абай ауданында Аягөз ауданының тарихын жырлаған Ақтамберді жыраудың мазары Аягөз қаласынан 100 шақырым жерде орналасқан.
Ақтамберді жырау мазары — 18 ғ. архитектуралық ескерткіш. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Құндызды ауылының жанында Жүрек Жота деген төбенің басында орналасқан.
Ақтамберді жырау Сарыұлы (1675, қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Қаратау, — 1768 — қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Абай ауданы Құндызды ауылы Жүрек жота төбесі) — жырау, қолбасы, қазақтың көне жыраулық мектебінің белді өкілі, дипломат. «Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» дегеніне қарағанда күреске ерте араласқан жауынгер жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мәселелерін жырларында жақсы бейнелейді. Қысқа нақыл, шешен сөздердің шебері. 1742 ж. Орта жүз ру басшыларының Орынборда ант беру жиналысына өкіл болды. 1738 — 1752 ж. қазақ-қалмақтың қанды қақтығыстарының барлығына дерлік қатысқан. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының зұлмат қан кешуін бастан өткерген. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей, елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау.
Сонымен қатар, Семей облыстық тарихи-өлкетану музейі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Аягөз қаласындағы филиалы 2013 жылдың 24 желтоқсанында ашылған. Аудандық мұражай құрылысы 2011 жылы қыркүйек айында басталып, 2013жылдың соңында халыққа қызмет көрсетуге берілді. Қазіргі уақытта аудандық мұражай қорындағы экспонаттардың жалпы саны 1023 сандық бірлікті құрайды. Аталған мүзейде Ақтамберді жыраудың сауыты да бар.

Айтулы бабалар жатқан Аягөз өңірінде туристік орталық ашуға, шежірелі өлкеде бабаларды ұлықтауға, аталарының айтулы ерлігін болашақ ұрпаққа паш етуге барша халық ат салысуы қажет. Аягөз өңірінде туристік орталықтар көптеп ашылса, біздің еліміздің тарихына тек Қазақстандықтар ғана емес, әлем халықтарының да зор қызығушылығы артатыны анық.
Ауданда алғашқы болып ашылған «Ұлы Керуен» туристік фирмасының жұмысы қарқынды түрде дамып келеді. Турагенттік салада қызмет көрсетіп отырған фирманың мүмкіндіктері үлкен. «Ұлы Керуен» туристік фирмасы оқушыларды-тұрғындарды Алматы, Астана қалаларына экскурсиялық турларына апарады. Қытай Халық Республикасына туристік сапарлар жасайды.
Аягөз қаласы стратегиялақ маңызы бар қала, қалада бірнеше әскери гарнизондар мен ПВО ракеталық әскери кешен орналасқан. Тоғыз жолдың торабы. Республикалық маңызды автожолдар мен Түркістан-Сібір магистралі өтеді: Алматы — Өскемен, Қарағанды — Аягөз — Боғаз. Қала үстінде бірнеше халықаралық әуе жолдарының қиылысы орналасқан. Аягөз қаласында темір жол вокзалы, автовокзал бар. Аталған вокзалдар жолаушыларға үздіксіз қызмет етуде.

  • Аягөз ауданының туристік потенциалы
  • Аягөз ауданының туристік потенциалы

 

 

Ауданда туристерге қызмет көрсетеді

р/с Нысанның атауы Қонақ үй иелерінің аты-жөні Мекен жайы мен телефон номерлері Пайдалануға берілген жылы Номер саны (бірл.)  /тәулік-төсек саны   (түнеу) Нысанның маусымдылығы/ орташа тәулік бағасы (тг.) Нысанның пайдалануы  (адам/жылына) Негізгі қызмет Қосымша қызмет
1 «Біржан» Нүркенова Гүлғайша Аягөз қ.,
Тәңірбергенов көш., 35
тел. 3-33-44
1997 ж. 16/38 Жыл бойы/2000тг

 

4800 адам/ жылына

тұрақтану Тамақтану
(қосымша ақы төлеу арқылы)
2 «Аягоз» Мқсымбаева Аля Аягөз қ.,
Дүйсенов көш., 55
тел. 3-26-77.
2002 ж. 23/48 Жыл бойы/1300 тг 5400  адам/ жылына тұрақтану Тамақтану
(қосымша ақы төлеу арқылы)
3 «Аягоз»,
(Панда)
Акжігітова Гульбахыт Аягөз қ.,
Абай бульвары,  63              тел.3-58-62.
2001 ж. 4/11 Жыл бойы/1300 тг 325  адам/ жылына тұрақтану Тамақтану
(қосымша ақы төлеу арқылы)
4 «Алихан» Жакупова Аманкүл Аягөз қ.,
Абай бульвары,  48.              тел. 3-60-42
2010 ж. 7/14 Жыл бойы/4000тг 2500  адам/ жылына тұрақтану Тамақтану
(қосымша ақы төлеу арқылы)
5 «Автовокзал» Балғынтаев Баттал Каримұлы Аягөз қ.,
Дүйсенов көш.,   47-а.                    тел. 3-27-67
2008 ж. 6/9 Жыл бойы/1500 тг 300  адам/ жылына тұрақтану Тамақтану
(қосымша ақы төлеу арқылы)
6 «Нұр» Молдақұлов Еркін Аягөз қ.,
Аққожа би  көш.,19              тел. 3-33-88
2013 ж. 13/25 Жыл бойы/ 4000тг 200  адам/ жылына тұрақтану Тамақтану
(қосымша ақы төлеу арқылы)
7 «Жас-Нұр» Жаканова Максура Курмангазиновна Аягөз қ.,
Абай бульвары,  52               тел. 3-53-00
2014 ж. 5/11 Жыл бойы/4000тг. 200  адам/ жылына тұрақтану Тамақтану
(қосымша ақы төлеу арқылы)
8 «Лаура» Нұрпейісова
Дина
Аягөз қ.,
Уәлиханов көш.,  41        
тел. 3-30-12
2008 ж. 4/12 Жыл бойы/4000тг. 100  адам/ жылына тұрақтану Тамақтану
(қосымша ақы төлеу арқылы)
9 «Аружан» Дүйсекеева Ғалия Аягөз қ.,
Мамбетов көш.,   30-а                     тел. 3-01-57,
3-58-62
2015 ж. 5/13 Жыл бойы/4000тг. 100  адам/ жылына тұрақтану Тамақтану
(қосымша ақы төлеу арқылы)
  Итого       83/181        
Бет өзгертілді: 27-12-2016