Хабарландыру

Сегіз қырлы Хас серісі Алаштың

Уәйіс Шондыбайұлының 135 жылдығы аталып өтті. 

Желтоқсан айының 12-сі күні аудандық “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” мәдениет сарайында Абайдың ақын шәкірттерінің бірі, әнші, композитор Уәйіс Шондыбайұлының туғанына 135 жыл толуына орай бірінші әншілердің конкурсы мен ақындар мүшәйрасы  өтекізілді.
Жезтаңдай әнші, атақты ақын Уәйіс Шондыбайұлына арналған салтанатты жиынды Аякөз ауданының әкімі Нұрғали Әзімбаев мырза ашып, жиналған қауымды өнер мерекесі, ән мерекесімен құттықтады.

Мұнан соң сөз кезегін алған жас ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Семей университетінің бірінші проректоры Бауыржан Ердембеков ақынның өмірі мен өнер жолынан баяндама жасады. Сөз барысында ғалым аудан басшысына, ауданның көзі қарақты азаматтарына өз уәжін білдіріп, алдағы уақытта атақты ақынның мұрасын жинақтауға көңіл бөлінсе деген ойын жасырмады. Осыған қолдау болса деп сөзін түйіндеді.
Сондай-ақ, ақынның жиендері, Талдықорған қаласынан келген М.Тынышбаев атындағы қордың президенті Өкітай Ахметов, Малкелді ауылынан қатысқан Нәстілек Сәлменбаевтар да бабаларына деген ыстық лебіздерін жан-жақты айтып, көрермендерге жеткізе білді. Бұлардан соң әр жерден келген жеделхаттар оқылды.

Сонымен  Уәйіс Шондыбайұлының туғанына 135 жыл толып отырған мерейлі мереке шымылдығы ән байқауы және  ақындар мүшәйрасымен ашылды.
Алдымен елімізге танымал жерлес ақынымыз Неіспбек Айтовтың Уәйіс ақынға арнаған өлеңі оқылды. Міне, осылайша Аякөз ауданында, дәлірек айтқанда Шұбартау өңірінің, Баршатас ауылына жақын маңда дүниеге келген ақынға “Уәйістің асқақ әндері-ай” атты ән байқауы мен ақындар  мүшәйрасы басталды. Ән байқауына 12 әнші, мүшәйраға 15 ақын қатысты. Әншілер байқауына қатысқан өнерпаздар У.Шондыбайұлының әндерінен және оған арналып жазылған әуесқой сазгерлердің әнін орындады. Сондай-ақ, “Алаштың бір ардағы Уәйіс ақын” деген тақырыпта ақындар мүшәйрасы қанат жайды. Абайдың  талантты ақын шәкіртіне арналған бұл мүшәйрада ақынның өмірі, шығармашылығымен қатар қамшының сабындай қысқа ғұрымында халқына қалдырған асыл қазынасындай мұраларын жырлау көрсетілген болатын.
Қазылар алқасының ұйғарымымен мүшәйраға қатысқан ақындардың ішінен абайлық жас ақын Еркежан Сейітқазы, Баршатастан келген Тұрсынхан Әділханова, Семей мемлекеттік институтының студенті Жұлдызай Сқақовалар үшінші жүлделі орынды қанағат тұтты. Екінші жүлделі орынға аягөздік айтыскер ақын Қазыбек Байжұманов пен үржарлық Айжарық Абылқасымов ие болса, бірінші орынды Баршатас ауылынан келген ақын Нәзір Қарабалин қанжығасына байлады. Ал Бас жүлдені  халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, талантты ақын Ермек Дайырбаев жеңіп алды.

 

Сол сияқты әншілер байқауында Есбол Естемісов, Жайлаубай Рақышев, Нұрқасым Мұстафаевтар ынталандыру сыйлығына риза-қош болды. Үшінші орынды ақсуаттық Мейрамбек Ахметов, екінші орынды Елдос Жақсылықов пен Алматы қаласынан Жасұлан Қоңыров еншіледі. Сондай-ақ, бірінші орынға Алматы қаласынан келген әнші Талғат Абуғадин ие болды. Ал, жүлдені Семей қаласының әншісі Берік Омаров жеңіп алып, әріптестері арасында мерейі үстем болды.

 

Бет өзгертілді: 26-12-2016