Аягөз спорт мектебінің түлектері әлем чемпионатына жолдама алды

Чехияның Брно қаласында ақпан айының 2-5 аралығында футзалдан Әлем чемпионатына қатысатын командалар арасында элиталы кезеңнің  шешуші ойындары мәресіне жетті. Осы іріктеу кезеңінің ойындарында Аягөз аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері Тұрсағұлов Дәурен мен Оразов Біржан Қазақстан құрама командасының сапында өнер көрсетті. Жарыстың бірінші турында Қазақстан құрамасы Румыния командасынан 3:І есебімен ұтылып, екінші турда Чехиядан 3:І есебімен ұтылған Словения командасымен кездескен болатын. Екі құрама да бірінші кезеңде ұпай жоғалтқан соң, жарыс кестесіндегі жағдайларын жақсарту үшін барын салатыны анық еді. Алайда осы ойында жеңіске жетуді мақсат тұтқан Қазақстан құрамасы өздерінің шеберлігін Словения ойыншыларына мойындата білді. Бұл кездесуде Қазақстан құрамасы 4:3 есебімен жеңіске жетті. Келесі ойында Қазақстан құрамасы Чехиямен кездесіп 5:2 есебімен жеңіске жетіп, 2020-жылдың қыркүйек айында  Францияда өтетін Әлем чемпионатына қатысу үшін берілетін жолдаманы иеленді. Футбол бөлімінің жоғары санаттағы бапкерлері Әсет Карманов пен Асхат Оспанбеков солардың қатарында. Екеуінің есімі спорт жанкүйерлеріне жақсы таныс. Қазақстан құрамасындағы қос тарлан Дәурен Тұрсағұлов пен Біржан Оразовтың саңлақ спортшы болып қалыптасуына,жалпы адам, азамат ретінде оң-солын танып-білуіне алғашқы да бірден-бір бапкері  Әсет Кармановтың еңбегі орасан зор десек, қателеспейміз. Айта кету керек Аягөз спорт мектебінің футбол бөлімінің жаттықтырушылары әріптестік аясында Төлеуғали Тайтөлеев басшылық жасап отырған Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжімен жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлау барысындағы жұмыстарды жақсы жолға қойып отыр. Осыған орай еліміздегі футболдың дамуына қолдау білдіріп,өзіндік үлес қосып келе жатқан азаматтар Алматы мемлекеттік энергетика және злектронды технологиялар колледжінің директоры, «Аягөз қаласының құрметті азаматы» Төлеуғали Тайтөлеевті, Аягөз аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, аудандық маслихат депутаты Еркін Юсуповты  және футбол бөлімінің жаттықтырушылары Әсет Карманов пен Асхат Оспанбековты шәкірттерінің жеңісімен құттықтаймыз. Жігіттерге  ақ жол!!!