Балалар жарақатының профилактикасы

Балалардың көптен күткен демалыс кезеңі де басталды. Демалыс қызыққа,қыдыруға және ойын-сауықтыру орындарына саяхат жасауға толы кезең. Оқу жылы аяқталу мерзімінен бастап, Аягөз ауданының алаңдары мен көшелерінде балаларға арналған ойын-сауық орындары пайда бола бастады. Үрлемелі батуттар,электрлі ойыншық көліктер, балаларға арналған  аттракциондар балалардың таңданысын тудырмай қоймайды. Бірақ, осындай ойын-сауықтар балалар үшін қызықты да қауіпті болуы мүмкін.

Бәрімізге мәлім болған Қарағанды қаласының орталық саябағында заңсыз түрде орналасқан батут толығымен бекітілмегендіктен, қатты желден батут аударылып, соның салдарынан 11 жасар бала қаза болып, тағы екі бала түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Осындай қатерлерге душар болмас үшін ағымдағы жылдың 6-шы маусым күні Аягөз ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері балалардың жарақаттануын алдын-алу үшін, жоғарыда аталған ойын-сауық орындары орнатылған жерлерде профлактикалық рейд жүргізді.

Рейд барысында ТЖБ қызметкерлері аталған конструкцияларды орнатқан кәсіпкерлермен қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша  нұсқаулықтар жүргізіп, бекіту құрылғыларын көзбен көру жұмысын атқарды. Сондай-ақ, рейд кезінде жоғарыда көрсетілген құрылғыларды қауіпсіз пайдалану бойынша ұсыныстар жазылған жадынамалар таратылды.

Аягөз ауданының ТЖБ