«Пушкин оқулары» аудандық конкурсы

Аягөз аудандық «Қозы Көрпеш Баян сұлу» мәдениет үйінің келісім орталығында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Александр Пушкиннің туғанына 220 жыл толуына орай 16-25 жас аралығындағы жастар арасында «Пушкин оқулары» аудандық конкурсы өткізілді.

Байқауға 10,11 сынып оқушылары мен жас мұғалімдерінен 11 үміткер қатысып, А.С.Пушкиннің поэзиялық шығармаларынан, қазақстандық белгілі ақындардың орыс тіліндегі «Қазақстан» туралы өлеңдерін жатқа оқыды, «Пушкин және Абай» тақырыбында презентация дайындады.

Үміткерлердің білімін білікті қазылар алқасы мүшелері аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының м.а. Ж.Аманов, аудандық білім бөлімінің әдіскері А.К.Алдабергенова, Д.Бабатайұлы атындағы мектеп мұғалімі К.К.Қалиева, №10 мектеп гимназия мұғалімі Р.М.Дюсембаева, «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» мәдениет үйінің әдіскері С.Т.Актаева сынды мамандар бағалады. Қазылар алқасы қатысушылардың шеберлігін бағалау кезінде әртістік шеберлікті, дикцияны, көркем мәтінді таңдау ерекшелігін, өзін-өзі сахнада ұстай білуін және сахналық костюмді ескерді.

Байқау нәтижесі бойынша 1 орынды қалалық гимназия мектебінің оқушысы Н.Закирова, 2 орынды лицей мектебінің оқушысы А.Даулетбаева, 3 орынды Ақтоғай кентіндегі №8 орта мектеп оқушысы Ә.Қадырова жеңіп алды. Қалған қатысушылар алғыс хаттар және сыйлықтармен марапатталды.