Кеңес Одағының батыры Мұқатай Әбеуловтың туғанына 100 жыл

 

2017 жылдың 8 мамырында «Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМКҚ-ның Аягөз аудандық филиалында Мұқатай Әбеуловтың туғанына 100 жыл толуына орай, «Ер есімі – ел есінде» атты еске алу кеші өтті.

Мұқатай Әбеулов - 1917 жылы Шұбартау өңірі, Бидайық ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың 8 тамызында әскерге шақырылып, Венгрияны жаудан азат ету шайқасында көзге түскен. Шайқаста 152-гвардиялық танкіге қарсы артполктің зеңбірек көздеушісі болған. Мұқатай Әбеулов 1944 жылы 16 желтоқсанда Венгрияның Мохоро елді мекенінде болған шайқаста, танк шабуылына тойтарыс беру кезінде ерлікпен қаза тапқан.

Қайтыс болғаннан кейін 1945 жылдың 28 сәуірінде Гвардия сержанты Мұқатай Әбеуловке КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиуымының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры деген атақ беріледі.

Осы еске алу кешінде М.Әбеуловтың өміріне, ерлігіне қатысты арнайы дайындалған слайд, бейнеролик көрсетілді. Мектеп оқушылары «Жеңіс» тақырыбында өлеңдер оқып, ән шашуын тарту етті. Келген қонақтар бишілер тобының орындауында «Қазақ биін» тамашалады.