Аягөз футболшылары «Қайрат» пен «Жетісу» командаларының сапына қабылданды

Еліміздің атын шығарып,қазақтың көк байрағының биікке көтерілуіне бірден-бір себепкер, әлемдік деңгейдегі жарыстардағы спортшыларымыздың жетістіктері  екендігі белгілі. Байрақты бәсекелерде барын салып ел мерейін көтеріп жүрген саңлақтарымыз аз емес. Аягөз спорт мектебінің түлектерінің  Азия және Әлем чемпионаттарында жүлдегер атанып, Олимпиада ойындарында өнер көрсеткенін жанкүйер қауым жақсы біледі.Олардың қатарында футболшылардың нәтижелері де қомақты. Спорт мектебінде  волейбол, футбол, грек- рим, қазақ  күресі, бокс бөлімдері жұмыс істейді.   Футболға арналған орталық  стадион, жасанды  жабдықталған жасыл алаңдар бар.

Төлеуғали Тайтөлеев басқарып отырған Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінде білім алып студенттер құрама командасының сапында жақсы өйын өрнегін көрсетіп жүрген Аягөз спорт мектебінің түлектері Ералы Абылай, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Нұрсұлтан Жұмаханов пен Жомарт Тоқаев сынды ойншылардың шеберліктері жайында білікті футбол мамандары жақсы пікір білдіріп жүр. Бүгінгі Аягөз футболының жетістіктерін саралай отырып, шәкірттерінің шеберліктерін шыңдап,олардың  жоғарғы деңгейдегі командалар сапында өнер көрсетуі үшін бірегей жұмыс атқарып келе жатқан Аягөз спорт мектебінің футбол бөлімінің жаттықтырушылары Асхат Оспанбеков пен Әсет Кармановтан тәлім алған спортшылардың жетістіктері жайындағы шағын мақаламызды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Дерек көздеріне қарағанда футбол бөлімі бойынша Аягөз спорт мектебінің түлектері шағын футболдан ҚР кубогі жолындағы жарыстар мен ҚР чемпионаттарының және халықаралық, республикалық турнирлердің жеңімпаздары  болып табылады. Венгрияның Сенешфехервар қаласында әуесқой клубтар арасында өткен Европа чемпионатының жеңімпазы Дархан Юсупов, Италияда Әлем біріншілігіне іріктеу ойындарында ҚР құрама командасының сапында өнер көрсеткен Нұржан Абдрасилов, Ералы Абылай, Біржан Оразов, шағын футболдан студенттер арасында ҚР құрама командасының сапында Азия біріншілігінің күміс жүлдесін жеңіп алған Ералы Абылай, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Парагвайда өткен Әлем біріншілігінде ҚР жасөспірімдер құрама командасының сапында өнер көрсеткен Нұрсұлтан Жұмаханов пен Жомарт Тоқаевтар командалық есепте IY орынға табан тіреді. Деңгейі жоғары жарыстарда оза шауып ел намысын абыроймен қорғап жүрген жастарымыздың ойшыл,жігерлі екендігі және спорттың осы түрін жақсы меңгеріп келе жатқандығы қуантады. Аягөз спорт мектебінің түлегі Ринат Умашев футзалдан (шағын футбол) жоғарғы топта өнер көрсететін Алматының«Қайрат»командасының, Біржан Оразов пен Дәурен Тұрсағұловтар Талдықорғанның «Жетісу»командасының сапына қабылданды. Техникалық деңгейі жоғары ойыншылардың осындай мықты командалар сапына қабылдануы жақсы дайындықтың көрсеткіші. Болашағынан үмір күттірген жастарымыздың Премьер-лигада өнер көрсететін «Қайрат», «Жетісу» сынды елімізге белгілі командалар құрамына қабылдануы үлкен құрмет, абырой, Аягөз спортының үлкен жетістігінің айғағы. Премьер-лигада өнер көрсететін жастарға сенім арта отырып,олар үлкен белестерді бағындырады деп сенеміз. Келешекте де еліміздегі премьер-лига командаларының сапында Аягөздік бірнеше экстра-класты ойыншыларды көреміз деп үміттенеміз.

Кеше ғана Алматы қаласында өткен Европа Чемионатына іріктеу жарысында біздің қос саңылақтырымыз Біржан Оразов пен Дәурен Тұрсағұловтар Қазақстан құрама командасының сапында өнер көрсетіп, толағай  жетістіктерге жетті. Қазақстан құрама командасы Македонияны

5 – 0, Данияны 3 -  0, Чехияны  да  3 – 0 есептерімен  ұтып, Европаның ақтық  ойындарына жолдама алды. Атақты бразилиялық Игито, Леон, Дугластармен  бір командада ойнау екінің бірінің  қолынан  келетін  іс  емес.

Футбол-әрі әдемі, әрі күрделі спорт түрі. Басқа спорт түрлеріне тән футболда да жақсы нәтижеге қол жеткіземін деген спортшыға тынымсыз еңбек пен үлкен төзімділік қажет екені белгілі.Жастарды спортқа бейімдеу, олардың арасынан таланттарды іздеп табу,осы жүйенің оң нәтиже беруі бапкердің біліктілігіне, тәжірибесіне тікелей байланысты. Жастарды футболға баулуда футболдың теориясы мен практикасын ұштастыра отырып жақсы спортшылар тәрбиелеу-бапкердің ізденісі, қажыр-қайраты,оқу-жаттығу сабақтарына қойылатын талаптарды жоғары деңгейде атқара білуінің көрсеткіші. Аягөз спорт мектебінен талантты ойыншылардың көптеп шығуы,жақсы дәрежеге жетуі А. Оспанбеков пен Ә. Карманов сында ұстаз-жаттықтырушылар еңбегінің  жемісі.Қазақылық қасиетті бойына сіңірген азамат қолдан келсе,туған жерді түлетуді өзіне парыз санайды. Сол парызды абыроймен атқарып,футболды серік еткен  ізбасар інілеріне әр кез қол ұшын беріп, қолдау білдіріп келе жатқан Марат Шәкенов, Еркін Юсупов,Төлеуғали Тайтөлеев, Юсупжан Юсупов, Қуанышбек Досиханов сынды азаматтар есімдерін атап алғыс білдіру орынды. «Нар тәуекел-ер ісі»дейді  қазақта.Ендеше премьер-лигада спорттық жолдарын жалғастыруға бет бұрып,футбол бәйгесіне қосылған түлектерге ақ тілегімізді арнаймыз.