Тарихи деректер

Сарыарқа ауылдық округі

Ауылдың тарихы

1964 жылға дейін Ақши кеңшары құрылғанша бұл жерлер сол кездегі Ленин, К.Маркс колхоздарының, Қарақол, Мыңбұлақ кеңшарларының жері болды. 1958 жылы тың игеру жұмыстары басталды. 1964 жылы Ақши кеңшары құрылып, алғашқы директоры болып Қасенов Нұрахмет тағайындалды. Орталығы қазіргі Ақши ауылы болатын. 1967 жылы осы кеңшардың орталығы ретінде Сарыарқа ауылының іргетасы қаланды. Ауыл атауы құрылыс жұмыстарын жүргізген Семей қаласындағы пединституттың «Сарыарқа» атты студенттік құрылыс отрядының атауымен Сарыарқа деп аталды. Құрылыс жұмыстары тек кеңшар орталығын салумен шектелмей Шұбартөс, Қайрақты ауылдарының іргесі қаланды. 1969 жылы кеңшар орталығы Сарыарқаға ауысты. 1969-1973 жылдары Ақши кеңшарын Ермұхаметов Мекен деген азамат басқарды. Сол жылдары ауылда мектеп, сауда орталығы, орталық контор, интернат үйі салынды. 1974-1978 жылдары Ақши кеңшарын Сапақов Қаймолда, 1978-1980 жылдары Нұралин Тоқтарбек басқарған кезде мәдениет үйі, мал бордақылау алаңдары салынды. 1980-1995 жылдары Сүлейменов Ғазиз басшылық жасаған жылдар Ақши кеңшарының өрлеу жылдары болды. Кеңшар 10-12 мың гектар егін екті. Ірі қара мал саны 3000 басқа, ұсақ мал 17000 басқа, жылқы малы 1000 басқа жетті. Бұл жылдары фермаларда мектеп, медпункт, клуб, монша, тұрғын үйлер көптеп салынды. Кеңшар бірнеше дүркін Одақтық, республикалық, облыстық жарыстың жеңімпазы болып, миллионер, алдыңғы қатарлы шаруашылық атанды. 1995-1996 жылдары кеңшарда Ахмешов Бекболат директор болды. 1996 жылы жекешелендіру жұмыстары жүргізіліп, бірнеше серіктестіктер құрылды.


Кеңшардың өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген, еңбектері жоғары бағаланған Ленин орденінің иегерлері атанған Ерболов Мэлс, Бисадилов Балғали, Досымханов Сақажан, Жұмадилов Төкен Рахимжанов Әбітай, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегерлері атанған: Саметаев Бағати, Бекентуров Ғабдиманат, Тышқанбаев Жұмағазы, Рахимжанов Қалымтай, Корляков Евгений, Құдагелдин Ерсайын, Салихов Төкен, Еңбек Қызыл Ту және ІІІ-дәрежелі Данқ орденінің иегері Сапарғалиев Қанағаттың есімдері ел тарихына жазылды. Кеңестік кезеңнің «Құрмет белгісі» орденінің иегері Күленов Асқар ауданымызда алғашқы болып «Құрмет» орденіне ие болуы ауыл үшін мақтаныш. Ауылдың өркендеуіне үлкен үлес қосқан басшылар: Жұмажанов Сайлау, Жәңгірбаев Мұхтархан, Есімханов Мағауия, Бекентуров Ілияс, Жакупбеков Бақытбек, Күйебаев Еркін, Мұқажанов Құрмаш, Бөлегенов Матайбай, Омаров Арқабай, Қайынбаев Биғали, механизаторлар: Сабырбеков Орал, Абденов Кенжетай, Каримов Қоңыртай, Бармашиков Шаймұрат, Түсіпжанов Сансызбай, Төлепханов Бақыт, малшылар: Кенжебаев Қажыгелді, Бимусин Сейтбек, Өмірбаев Қасым, Расулов Әнуарбек, Зейноллаев Охан, құрылысшылар: Мусурманов Қабжан, Рахметов Бибол, Смағұлов Әдеп, Райстанов Кәрімхан, Бабаев Сембайдың еңбектері ешқашанда ұмытылмақ емес. Отаны үшін от кешкен Кешубаев Түсіп, Жырғаланов Исапа, Дікібаев Амантай, Қорғанбаев Құдайберген, Искаков Ақас, Құнанбаев Айхан, тыл ардагерлері Тұрғанғожин Мұқатай, Қазымбетов Сексенбай, Қайынбаева Шаки, Рахимжанов Сәлімтай, Өмірбаева Рахия, Кенжебаева Жанылхан бейбіт өмірде ауылдың өркендеуіне көп үлес қосты. Батыр аналар: Мусурманова Сақия, Құсайынова Дәрия, Бабаева Қорлан, Мағазова Қадиша, Тайтөлеуова Айхан, Рахимжанова Нұрғиза, Қуанова Тұрғайша, Сахариева Тұрсын, Абеуова Аманғайша тағы басқалары тәрбилеген ұлдар мен қыздар кең байтақ еліміздің әр жерінде қызмет етуде. Жас ұрпақты біліммен сусындатқан мектеп директорлары болған Азилов Қаден, Смаилов Асхат, Бекентуров Ғабпас, ұстаздар Таңсыққожина Зәмзәм, Тышқанбаев Нұрғазы, адам өмірінің арашасы болған ақ халатты абзал жандар Жұмағұлов Дәулет, Бейсенбекова Рымтай, Мұсаханова Райханның игі істері ел жадында. Алдыңғы толқын ағалар ісін жалғастырған Желдібаев Сұлтан, Орақбаев Серік, Күленов Амангелді, Құдайбергенов Нұрлан, Тұяқбаев Серікбосын басшылық жасайтын шаруа қожалықтары, Мұқажанов Гүл, Жұмагелдина Шәпиза сияқты кәсіпкерлер ауылдың экономикасының дамуына, әлеуметтік саласының жақсаруына көп еңбек сіңіріп, ел құрметіне бөленіп жүр.

Сарыарқа - ұлылар мекен еткен киелі жер

Аягөз ауданының Сарыарқа ауылдық аймағында қара қылды қақ жарған, артына өшпес дана сөздері қалған Байқара, Ақтайлақ, Аққожадай сайын даланың дана да дара билері, Әбілпейіз хан, Солтабай төре, Қисық хандай ел басқарған сұлтандар мәңгілік жәй тапқан. Бұл өлкеде осындай ұлы бабалардың ұрпақтары – жеті атаға созылған билер мектебінің өкілдері, сыбан руының аттары елге танымал болған ақындар мектебінің өкілдері ғұмыр кешкен. Елі мен жерін қорғаған Ботақара батыр, қазақтың тұңғыш оқыған азаматтарының бірі, Петербургте оқып білім алып, поручик әскери шенін алған Ителмен Сейтенұлы мәңгілік жәй тапқан мекен.
Сарыарқа ауылынан 8 шақырым қашықтықта Қайрақты тауларының баурайында, Қайрақты өзенінің Балтақара өзеніне құйылысындағы жотадағы әкелі балалы Байқара мен Ақтайлақ билердің кесенелері бүгінгінің жадында жүруге, келер ұрпаққа аманат ету мақсатында қайта жөнделіп, архитектуралық келбеті жарасқан еңселі, сәулетті кесене болып тұрғызылды.
Байқара би Құттыбайұлы 1699 жылы туып-1775 жылы қайтыс болған, Найманның сыбан руынан. Атасы Нарынбай би Ташкентте бек болса, әкесі қу дауысты Құттыбай би шешен атанған.


Аталы сөздерімен, бар күш-жігерін ел бірлігін сақтауға арнаған, кезінде елінің ақылшы кемеңгері ретінде танылған Ақтайлақ би Байқараұлы 1742 жылы дүниеге келіп, 1838 жылы қайтыс болған. Ол – би, шешен, жырау, қоғам және мемлекет қайраткері.
Балтақара мен Талды-Борлы өзендерінің қиылысқан тұсында алыстан мұндалап Сыбан руының Байкөбек-Шақа тармағынан тарайтын Аққожа би Қалыбайұлының зираты көрініп тұрады. 2009 жылы Аққожа бидің ұрпағы ғылым докторы, академик, еліміздің ғылым-бизнес саласындағы танымал азамат Қанат Асаубаев бидің басына сәулетті де еңселі кесене тұрғызды. Аққожа би шамамен 1775-1850 жылдары өмір сүрген.
Сарыарқа ауылынан 10шақырым қашықтықта Балтақара өзенінің бойындағы төбеде Бопыұлы Солтабай төре (ХVIII-XIX ғ.ғ) мәңгілік жәй тапқан.
Қисық Тезекұлы(1780-ө.ж.б.) Абайдың құдасы. Ел басқарған адам. Найман ішінде Мұрынның Кенже атасынан. Қисық өз елінде талай рет болыстыққа, Аягөз дуаны құрамынан Көкпекті дуаны ашылғанда, 1844 жылдан аға сұлтан болып сайланған. Аннен лентасына тағылған алтын медальмен (1823 ж 23 мамыр), «Үздік қызметі үшін» алтын медальмен наградталған. 1833 ж 2 сәуірде поручик, 1842 жылы штабс капитан шені берілген.

  • Сарыарқа ауылдық округі
  • Сарыарқа ауылдық округі
  • Сарыарқа ауылдық округі
  • Сарыарқа ауылдық округі
Бет өзгертілді: 21-08-2017