Ұлылар мекені

Ақтайлақ би

Ақтайлақ Байғараұлы – 1720-1816 жылдары өмір сүрген қазақ ақыны. Найман руының Сыбан табынан шыққан.Ақтайлақ озық ойлы шешендік толғау өлеңдерімен, парасатты биліктерімен «Қазақтың қара тілдісі», «Қара тілдің шешені», «Халық атасы» атанған. Алқалы топты аузына қаратқан белгілі би, ақиық ақын болған адам. Шамамен Семей бұрынғы Семей облысының Абай, Жарма аудандары арасындағы «Құндызды» өңірінде туған, жүзге қараған шағында дүние салған.
Ақтайлақ би кесенесі – 18 ғасырдағы сәулет өнерінің ескерткіші. Аякөз қаласының солтүстік-шығысында 55км жерде орналасқан. Кесене қорымның оңтүстік жағындағы тегіс дөңеске тұрғызылған. Ұрпақтары және жұртшылық (1990 жылы) жаңа мазар тұрғызды

Байғара би

Байғара Құттыбайұлы – 1699-1775 жылдары қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Сыр бойы, Шығыс қазақсатан облысы Аякөз ауданының Сарарқа ауылында Найманның Сыбан руынан. Атасы Нарымбай би Ташкентке бек болса, әкесі Қудауысты Құттыбай шешен атанған. Зиялы ортада тәрбиеленген Байғара 16 жасында оңтүстіктегі әулиелердің өлісіне зиярат, тірісіне қол берген. Тауарихтық жолға ерген. Ата-бабасының жолын үлгі етіп, билікке ерте араласқан. Жетім-жесірге пана болған Байғара бидің әділдігін, шешендігін Дулат, Әсет ақындар жырға қосса, Біржан менСара айтысында оның өз заманының айтулы адамы болғандығы тілге тиек етіледі. Баласы Ақтайлақ би ақын, жырау Байғараның мектебінен шыққан 17  ақынның бірі.
Байғара би кезінде ел басқарған көсем, жұрт аузында сөзі жатталған шешен ғана емес, «қыдыр дарып, бақ қонған» қасиетті әулие адам болған.
Жерленген жері  «Ақши» кеншарының орталығы Сарарқадан 4 шақырым солтүстігінде. Жергілікті халық коріпкел әулие ретінде зиратына мінәжат етеді.

Шыңғожа батыр

Шынғожа Базарқұлұлы - 1706 – 1768 жылдар аралығында өмір сүрген.

18 ғасырдағы Жонғар шапқыншылығына қарсы соғыстарда ерен ерліктер жасап, қазаққа даңқы жайылған  батыр, қазақ жасақтарының қолбасылырының бірі. Аякөз, Аңырықай, Қалба, Алакөл, шайқастарында Қабанбай батыр жасақтарымен бірге жеңістерге жетіп, есімі Тума руының ұранына айналған батыр.

Шынқожаның батыр атағы алғаш шыққаны – Жонғардың «Аюқара» атанған Доба деген батырымен жекпе-жекке шығып, оны өлтірген кезі, ол кезде батыр 21 жаста екен. Осындан бастап талай шайқастарда ерен ерлігімен көзге түскен батырдың даңқы ел арасына кетеді.

Шынғожа батыр ескерткіші бұрынғы Семей облысының Аякөз ауданының Шынғожа ауылыда, Алматы - Өскемен автомобиль жолы бойында орналасқан. Шынғожа ауылының аты да – батырдың есімімен тікелей байланысты.

Дулат ақын.

Дулат Бабатайұлы 1802 – 1874 жылдары өмір сүрген. Ол қазіргі Аякөз ауданы Ақшатау кеңшары Сандықтас – Ақжайлау деген жерде туған. Ақынның жерленген жері де осы жер.
19 ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүріп, туған елінің тарихи бір кезеңін жырлап өткен қайталанбас ақын – Дулат. Ол патшалық Ресейдің қазақ өлкесін күшпен отарлау кезеңін, одан туған зобалаңдарды өз көзімен көріп, соған барынша наразылық білдірген ел басы адамдарының бірі. Отарлау саясатының қазақ елін талан-таржыға салу, халықтың дербестігін бір жола жойып, тәуелді жұртқа айналдыру  әрекетіне қарсы шыққан, халықты күреске үгіттеу міндеттерін алдына мақсат қылған нағыз ел қамқоры, сыншыл да, мыршыл, күрескер ақын.

Дулат ескіше оқыған, сауатты болған. Ол өз өлеңдерін қолжазба кітап етіп тізіп жүрген. Сондай-ақ, Дулат арқылы осы Аякөз өңірінен шыққан асқақ жырау Ақтамберді толғаулары халыққа жетіп, ақсақалдар жадында сақталып қалды.

Ақынның алғашқы жинағы «Өсиет - нама» деген атпен 1880 жылы Қазанда басылды. 1991 жылы ақынның бір топ шығармаларын құрастырып, «Замана сазы» деген атпен «Жазушы» баспасы жинақ етіп шығарды.
Дулат халқымыздың Абайға дейінгі ұлы ақын жырауларының ішіндегі ерекше даралана көзге түсер шайыры, қазақ әдебиетінде белгілі, үлкен белес болған.

Барақ сұлтан

Барақ сұлтан Найманның Сыбан руын басқарған, заманында жиһанкез Адольф Янушкевич Құнанбай мен Барақ сұлтан «даланың барлық жұртының ішіндегі екі ең жарық жұлдыздары» деп жазған.
Барақтың батырлығынан басқа да көптеген өнері болған, солардың бірі – мергендік. Ол кісінің басына бір сомдық тиын ақша қойып, атып түсіреді екен.
Киім тігу де, етік тігу де, ағаш ісінде, темір соғуда бірінші дәрежедегі шебер болған. Өзі ақын болған. Батыр атағын алғанда Барақ 21 жаста екен.

Барақ батыр 1859-1860 жылдарда хан болып сайланған. Ол 1862 жылы елу жасқа толмай қайтыс болған.

Барақтың басына халық қалаған бейті де сол атына лайықты, әрі Барақтың қандай құрметке ие болғанын әйгілеп тұр. Кесене 19 ғасырдың екінші жартысында соғылған.
Кірпіш, тобылғы, қараған, қарағаш құрылысына пайдаланылған. Бейіктігі 8 метр 80 см, қабырғасының қалыңдығы 1 метр 45 см. Барақ өте ірі денелі адам болған. Зираты Аякөз ауданының ащысу өзенінің жағасында, «Бейімбет Майлин» атындағы кеңшардың жерінде.

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу кесенесі

Қазақ халқы ғасырлар бойы айтып келген бұл жыр сахарадағы мал өсіруші тайпалардың ең ескі дәуірде шығарған жарқын, сәулетті аңыз әңгімесі. Бұлар жайында дастандар әртүрлі тілде кездеседі. Солардың ішінде әр дәуірде Қозы Көрпеш – Баян Сұлу туралы айтылатын орыс әдебиетінің үлгілері ерекше орын алады.
Бұлардың аса көңіл қойып қарағаны – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың баяғы заманнан келе жатқан зират-мұнарасы – сәулетті етіп жасаған биік кешені. Ескі қазақтар ондай құрылысты «дың», «діңгек», «кешене» деп атаған. Олар Қазақстанның көп жерінде әлі күнге дейін сақталып келеді.

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күмбезі Аякөздің  оң жақ жағасында, Таңсық деген ауылдың қарсысына салынған. Қозы Көрпеш – Баян Сұлу аңызы бойынша, оны тұрғызуға Сарыбайдың інісі Тайлақ би Тобыл өзені бойынан Аякөзге 4 сан қол (40 мың кісі) жіберіп, ас бергізіп, ат шаптырып, той жасайды. Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың күмбезін берік етіп тұрғызып, екеуінің кескін - келбетін тасқа түсіреді. Әсіресе Баян сұлудың  өң-ажарын әдемілеп келтіреді (Радлов варианты).

Жанақ ақынның жырлауынша 50 мың кісіні бастап келген – Айбас. Олар үшін көш жерден (90 километр) тас тасып, Аякөздің биік белесіне күмбез орнатады. Ол күмбез әлі тозған жоқ, оларды ұмыттырмай, артында белгі болып келеді.

Халық аңызы бойынша Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күмбезіне  қалаған тасты басқа бір таудан әкелген. Тау мен Аякөз өзенінің екі арасына көптеген тайпалардың мыңдаған кісілері атпен тізбектелі шеп құрып, тасты бір қолдан, бір қорлға беріп , жеткізіп тұрған.

Жырдағы ең жарқын айтылатын әдемі сурет Қозы Көрпештің кешені мен оның ішінде тұрған төрт мүсін тас.
Жырда :
Суреті Аякөздің тасында тұр,
Қабыры екеуінің қасында тұр.
Аякөздегі бұл кешен мен оның ішінде тұрған мүсін тастар ислам дәуірінен көп бұрын жасалған өте ескі дәуірдің белгілері. Олардың шыққан кезі түрік  қағанатының тұсы. Яғни 6-8 ғасырлар шамасы. Мүсін тасты халық сол кезден ерекше қадірлеген, тастан қиып адамның суретін салу сол заманнан қалған. Кешендегі төрт мүсін тас – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырында айтылатын бейнелерді кескіндейді. Олардың үшеуі әйел, біреуі жас жігіт: халық аңызы оларды Қозы Көрпеш – Баян Сұлу және оның апалары Айтаңсық пен Айғыздың суреттері деп айтады. Бір ғажайып жері, бұл аттар мүсін таста сақталып қана қоймай, жер аттарына қойылғанында ескерген жөн. Сол жердегі тау – «Баян жүрек тауы» , Аякөзге құятын екі өзен – Айтаңсық, Айғыз аталады. Бұлардың барлығы бір кездегі тарихта болған оқиғаны еске түсіріп, халық ортасыны көп тараған терең сырларын сақтап келген, әдемі естеліктер деп түсіну керек.

Әріп Тәңірбергенов

Әріп Тәңірбергенов 1856 жылы Шығысқазақсатан облысы, Жарма ауданы Үшбиік темір жол бекеті, Жыланды деген жерде дүниеге келген. 11-12 жысында ауыл медресесінде, бастауыш орыс мектебінде оқыған. Татар, орыс тілдерін жетік білуімен қатар, араб, түрік, қытай, парсы тілдерін жақсы меңгерген. Ислам дінін жақсы біліп, мұсы зерттеген.1877 жылы Семей уездік училищеге оқуға түсіп, оны 1881 жылы үздік бітірген. Семейде оқыған кезде Абай Құнанбаевпен танысып, оны өзіне ұстаз тұтқан.
1884-1887 жылдары Қытайдағы Шәуешек  қаласында тілмаш болып қызмет атқарады. Одан кейін Қапалда, Бішкек және Алматы қалаларында әртүрлі қызметте істейді. 1890 жылы өзі туып - өскен Қандығатай, Еңірекей облыстарында тілмаш болады. Әріп өмірінің соңғы жылдарына дейін заң саласында тергеуші, адвокат болып қызмет атқарады.

Жобалай би

Жобалай би 1700-1770 жылдары өмір сүрген батыр, би адам болған. Шежіреге келетін болсақ, Керей Жастабаннан Сартықай, Сарбас, Бегімбет туады. Бегімбеттен Бекназар, Қосай. Қосайдан Еламан, Жолымбет, Жолай, Рысбектен, Құдыке туады.

Рысбектің Қосбике деген әйелінен: Байжігіт, Байсеиіт, Майемер туады. Ал Байсеиіттен : Құттыберлі, Қарабай, Қазанқап, Жобалай, Шерліш Құрмысы туады. Жобалайдан: (4 әйел алған) алты ұл : Марқа, Жиде, Тасыбай, Татан, Сүттібай, Жанал туады. Міне Жобалай бидің ұрпақтары осылай тарайды.

Жобалай Байсейітұлы Алтай керейлері Шұбартау жеріне қоныстанғаннан кейінгі тұңғыш би. Ол 12 жасында бала би атанған. 1760 жылы Алтайдағы он екі Абақ керейден осы күнгі құтты мекен – жайымыз Дағанды, Бақанас, Құр,  Қорық, Малгелді, Сары және Қусақ өзендерінің бойына елді бастап әкеліп, қоныстандырған да Жобалай би болатын.

Жобалай би зираты Дағанды өзенінің Балқашқа құйылысынан жоғары Мәдениет ауылына қарасты жерде, құйма кірпіштен құйып қалаға недәуір биік шошақ зират болған. 2000 жылдың жаз айында ұрпақтары және қалталы азаматтардың қаржылай көмегімен, Мәдениет ауылының халқының ат салысып, жұмыс істегендерінің арқасында ақ кірпіштен әшекейленіп, кең де, еңселі күмбез тұрғызылып, құран бағышталып, ас берілді. Бұл ел еңсесін көтерген үлкен іс болды.    

Шақантай батыр

Шақантай батыр Жауғашарұлы шамамен  1706-1791 жылдары өмір сүрген. Шақантай батырдың туған жері алтын тау Алтайдың Сауыр деген жері екен. Батырдың туған жылы шамамен 1706 жылы делінген. Бұл бөлшері келгені мен нақтылы емес, әлі де зерттеп, зерделей түсуді қажет етеді. Қанша жасында қайтыс болғанында әзірге ешкім тап басып айта алмайды. Алайда батырдың 18 ғасырда өмір сүріп, сол бір қиын қыстау кезеңде қансыраған халқына қалқан, қорған болғандығы ақиқат.

Аякөз жерінің Шұбартау өңірінде тарихымызға «Ақтабан шұбырында, Алқакөл сұлама» деген атпен енген қиын-қыстау күндерде, қысылтаяң кездерде жұртының намысын жыртып, ата жауымен алысқан ержүрек батыр бабаларымыздың бірі Шақантай батыр.

Шақантай аруақты батыр ғана емес, артына асыл соз қалдырған ауызы дуалы шешен, ел бастаған көсем болған адам.
Шақантайдың руы керей. Керей ішінде Жастабанның Бегімбетінің Бекназарынан тарайды. Бекназардан – Қожакелді, Құдайберді, Қойлыбай, Жәдігер туады. Құдайбердіден Майбасар, Жауғашар туады. Ал Жауғашардан жалғыз – Шақантай туады.

Ал он екі Абақ керейдіғң бірі – Жастабан екенін көнекөз қарттар, көзі қарақты жандар жақсы біледі.

Кенжеғұл шешен

Кенжеғұл Сейтенұлы туралы жазба деректер тым аз. Тек «Жеті Сейтеннің » бірі екендігі белгілі. Ағайындары Итемген, Ағанас, Тоғанас, Тоғас, Жанке, Аған, Балта.

Кенжеғұл – жасынан билікке араласқан, көптеген жерде билік айтқан. Өз заманының данышпаны, шынжыр балақ шұбар төс – Құнанбайдың өзі құда болып тұңғышы Тәкежанға қызын әпергеніне қарағанда Кенжекеңнің Құнанбаймен терезесі тең жан болған.

Кенжеғұлдың жасы Құнанбайдан он шақты жастай үлкен болуы керек, мөлшері – 1794-95 жылдары туған. Құнанбай заманындағы Тобықты мен Сыбанның жер дауының бел ортасында болған, ауызы дуалы, шешен, би болған.

Кенжеғұл шешеннің зираты Құндызды ауылының жанында. Сол жер тегінде Сыбан мен Тобықтының шекарасы екен, өлерінде өзін сол жерге қоюды ұрпақтарына тапсырыпты.

Ақтамберді жырау

Ақтамберді жырау Сарыұлы 1675 жылы Оңтүстік Қазақстанда, Қаратау бойында ауқатты семьяда дүниеге келеді. Болашақ жырау жамағайын туысы Бердіке деген батырдың қолында өседі. Ақындық талантын тым ерте, 10 – 11 жасында танытқан Ақтамберді 17 жасынан бастап қазақтардың Орта Азия хандықтарымен арадағы соғыстарына қатысады. Өзінің жанкешті ерлігімен, ақыл – айласымен көпке танылады.

Талай рет өлім аузынан қалады. Бірде, тіпті, жортуылда жау қолына түсіп, өлім жазасы орындалар қарсаңда ғана қашап құтылады. 1723 жылы қазақтар ойраттардан ойсырай жеңіліп, бүкіл оңтүстік және шығыс аймақтан айырылған шақта Ақтамберді атақты батыр, Орта жүздің рубасы ақсақалдарының бірі еді.

Батыр жырау өзінің белсенді ісімен де, жалынды жырымен де жоңғарға қарсы күресті ұйымдастырушылардың бел ортасында болады, қазақ жасағының алдыңғы сапында шайқасады. Жоңғар мемлекеті бір жола талқандалып, жаудан босаған шығыс бетке қайта қоныстану кезінде Ақтамберді қазақ руларын атамекенге біржола орнықтыру ісінде зор қызмет атқарады. Батыр жырау тоқсан үш жасында, 1768 жылы қайтыс болады. Жыраудың жартылай құлаған күмбезі қазір бұрынғы Семей облысының, Абай ауданының, Жданов совхозының ішіндегі Жүрек Жота деген төбенің басында тұр.

Бегеш шешен

Бегеш шешен 1834-1911 жылдары аралығында өмір сүрген адам. Абайдың тұстасы Бегеш өртына өлмейтұғын сөз қалдырған, халық арасында қадірлі, ауызы дуалы, ой тілді шешен адам болған. Көнекөз қарттардың айтуынша Сабанұлы 1834 жылы Бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданындағы «Горный» совхозының жерінде, Бақанас өзенінің бойында туған. Руы Жастабан Керей.
Бегеш Сабанұлы 1911 жылы өзінің туған жерінде қайтыс болған, зиратының басында кейінен (1986 ж) қойылған тас бар. Ескерткіште (Бегеш Абайдың досы, атақты шешен, «Абай жолы» эпопеясының кейіпкері, Жерлестері) деген сөз бар.
Бегештің зираты, өзінің туған ауылы «»Горный совхозында тұр.
 2000 жылдың жазында ұрпақтары мен жергілікті Байқошқар ауылының тұрғындарының қолдауымен Бегеш шешен зираты қайта бой көтерді.

Байғотан би

Руы Жастабан Керей. Бабаң 1739 жэылы туып, 1834 жылы, немесе 95 жасында қайтыс болған.

Қосай Байғотан би жас кезінде батаны Бекназардан шыққан Қожагелді Томан биден алған екен.

Бабаңның зираты кірпіштен өріліп, соғылған күбезі, бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданының «Алғабас» совхозының жерінде «Бабаң өзені»-деп аталатын қара сумен ағатын кішкене өзеннің оң жағалауында, Қайнар – Баршатас тас жолынан үш шақырым жерде тұр. Бұл зират Байғотанның тірі күнінде ағасы болатқа соғылса керек, ішінде екі-үш қабір бар : Болат, Байғотан, қарындасы Болғандікі. Болған арғын еліне ұзатылған, қайтыс боларында өз өсиеті бойынша екі ағасының қасына әкеліп, жерленген.

1998 жылы қыркүйек айында Бабаңның бұрынғы күмбезінің сыртынан ақ кірпіштен мазар тұрғызылып, ас берілді.  

 

Бет өзгертілді: 29-08-2017