Аудан аймақтары

Сарыарқа ауылдық округінің әкімі

Тайкенов Талгат Каркенович

Сарыарқа ауылдық округінің әкімі – Тайкенов Талгат Каркенович

Тайкенов Т.К. 1963 жылы 12 наурызда Семей облысы, Бесқарағай  ауданы, Өндіріс ауылында туған. Білімі жоғары. 1985 жылы Қазақтың  Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылық институтын, машина жөндеу технологиясын ұйымдастыру мамандығы бойынша бітірген. Инженер-механик. 1985-1988 жылдар аралығында Аягөз аудандық ауылшаруашылық техникасы мекемесінде инженер-дефектовщик, аға инженер технолог.     1988-1994 жылдар аралығында «Ақши» кеңшарында МТМ меңгерушісі, бас инженер қызметін атқарған. 1994-1996 жылдар аралығында «Сарыарқа» ұжымдық кәсіпорнында бас инженер. 1996-1999 жылдар аралығында «Балта-Тарақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. 1999-2017 жылдары «Дихан» шаруа қожалығының  басшысы. 2017 жылдың қараша айынан бастап Сарыарқа ауылдық округінің әкімі.


Жұмыс тел. 72237 3-36-30
Азаматтарды қабылдау күні: әр аптаның сәрсенбі және жұма күндері сағ.14.30-дан 18.30-ға дейін
Телефон: 3-36-30

Әкімніңлауазымдықміндеттері

  • азаматтардың өтiнiштерiн, арыздарын, шағымдарын қарайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнiнде шаралар қолданады;
  • салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi жинауға жәрдемдеседi;
  • әкім аппараты әкімшісі болып табылатын бюджеттік бағдарламаларды әзірлеп, тиісті мәслихаттың бекітуі үшін жоғары тұрған әкімдіктің қарауына енгізеді;
  • азаматтар мен заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметi актiлерiнiң, орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар нормативтiк құқықтық актілерiнiң нормаларын орындауына жәрдемдеседi;
  • өз құзыретi шегiнде жер қатынастарын реттеудi жүзеге асырады; 
  • ауылдық округтiң мемлекеттiк тұрғын үй қорының сақталуын, сондай-ақ ауылдық округте автомобиль жолдарының салынуын, қайта жаңартылуын, жөнделуiн және күтiп ұсталуын қамтамасыз етедi;
  • шаруа қожалықтарын ұйымдастыруға, кәсiпкерлiк қызметтi дамытуға жәрдемдеседi;
  • өз құзыретi шегiнде әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет, азаматтық қорғаныс, сондай-ақ жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы мәселелер бойынша заңдардың орындалуын ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
  • әдiлет органдары жоқ жерлерде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен нотариаттық iс-қимылдар жасауды, азаматтық хал актiлерiн тiркеудi ұйымдастырады;
  • тарихи және мәдени мұраны сақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады; 
  • табысы аз адамдарды анықтайды, жоғары тұрған органдарға еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөнінде ұсыныс енгізеді, жалғызілікті қарттарға және еңбекке жарамсыз азаматтарға үйінде қызмет көрсетуді ұйымдастырады;  
  •  жергiлiктi әлеуметтiк инфрақұрылымның дамуына жәрдемдеседi;
  • қоғамдық көлiк қозғалысын ұйымдастырады;
  • шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда ауруларды дәрігерлік көмек көрсететін таяу жердегі денсаулық сақтау ұйымына дейін жеткізіп салуды ұйымдастырады;
  •  жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимыл жасайды;
  • шаруашылықтар бойынша статистикалық есепке алуды жүзеге асырады; 
  •  жергілікті бюджетті бекіту кезінде қала, аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты сессияларының жұмысына қатысады; 
  • республикалық маңызы бар қалада, астанада, облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан мәдениет мекемелерін қоспағанда, мектепке дейін тәрбие беретін және оқытатын ұйымдардың, мәдениет мекемелерінің қызметін қамтамасыз етеді;
  • өз құзыретi шегiнде елдi мекендердi сумен жабдықтауды ұйымдастырады және су пайдалану мәселелерiн реттейдi;
    20) елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады; 
  • туысы жоқ адамдарды жерлеуді және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын тиісті қалпында күтіп-ұстау жөніндегі қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады;
  • ауылдық округ әкімінің құзыреттеріне аудан орталығымен көлік қатынасын ұйымдастыру жөнінде аудандық атқарушы органға ұсыныстар енгізу, сондай-ақ ауылдық жерде оқушыларды мектепке дейін және кейін қарай тегін жеткізіп салуды ұйымдастыру да жатады. 
  • ауылдық округ әкiмi өзiнiң құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша өзiне жүктелген мiндеттердiң iске асырылуы үшiн жоғары тұрған әкiмнiң, аудандық мәслихатының алдында жауап бередi. 

Ауылдың тарихы

1964 жылға дейін Ақши кеңшары құрылғанша бұл жерлер сол кездегі Ленин, К.Маркс колхоздарының, Қарақол, Мыңбұлақ кеңшарларының жері болды. 1958 жылы тың игеру жұмыстары басталды. 1964 жылы Ақши кеңшары құрылып, алғашқы директоры болып Қасенов Нұрахмет тағайындалды. Орталығы қазіргі Ақши ауылы болатын. 1967 жылы осы кеңшардың орталығы ретінде Сарыарқа ауылының іргетасы қаланды. Ауыл атауы құрылыс жұмыстарын жүргізген Семей қаласындағы пединституттың «Сарыарқа» атты студенттік құрылыс отрядының атауымен Сарыарқа деп аталды. Құрылыс жұмыстары тек кеңшар орталығын салумен шектелмей Шұбартөс, Қайрақты ауылдарының іргесі қаланды. 1969 жылы кеңшар орталығы Сарыарқаға ауысты. 1969-1973 жылдары Ақши кеңшарын Ермұхаметов Мекен деген азамат басқарды. Сол жылдары ауылда мектеп, сауда орталығы, орталық контор, интернат үйі салынды. 1974-1978 жылдары Ақши кеңшарын Сапақов Қаймолда, 1978-1980 жылдары Нұралин Тоқтарбек басқарған кезде мәдениет үйі, мал бордақылау алаңдары салынды. 1980-1995 жылдары Сүлейменов Ғазиз басшылық жасаған жылдар Ақши кеңшарының өрлеу жылдары болды. Кеңшар 10-12 мың гектар егін екті. Ірі қара мал саны 3000 басқа, ұсақ мал 17000 басқа, жылқы малы 1000 басқа жетті. Бұл жылдары фермаларда мектеп, медпункт, клуб, монша, тұрғын үйлер көптеп салынды. Кеңшар бірнеше дүркін Одақтық, республикалық, облыстық жарыстың жеңімпазы болып, миллионер, алдыңғы қатарлы шаруашылық атанды. 1995-1996 жылдары кеңшарда Ахмешов Бекболат директор болды. 1996 жылы жекешелендіру жұмыстары жүргізіліп, бірнеше серіктестіктер құрылды.
Кеңшардың өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген, еңбектері жоғары бағаланған Ленин орденінің иегерлері атанған Ерболов Мэлс, Бисадилов Балғали, Досымханов Сақажан, Жұмадилов Төкен Рахимжанов Әбітай, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегерлері атанған: Саметаев Бағати, Бекентуров Ғабдиманат, Тышқанбаев Жұмағазы, Рахимжанов Қалымтай, Корляков Евгений, Құдагелдин Ерсайын, Салихов Төкен, Еңбек Қызыл Ту және ІІІ-дәрежелі Данқ орденінің иегері Сапарғалиев Қанағаттың есімдері ел тарихына жазылды. Кеңестік кезеңнің «Құрмет белгісі» орденінің иегері Күленов Асқар ауданымызда алғашқы болып «Құрмет» орденіне ие болуы ауыл үшін мақтаныш. Ауылдың өркендеуіне үлкен үлес қосқан басшылар: Жұмажанов Сайлау, Жәңгірбаев Мұхтархан, Есімханов Мағауия, Бекентуров Ілияс, Жакупбеков Бақытбек, Күйебаев Еркін, Мұқажанов Құрмаш, Бөлегенов Матайбай, Омаров Арқабай, Қайынбаев Биғали, механизаторлар: Сабырбеков Орал, Абденов Кенжетай, Каримов Қоңыртай, Бармашиков Шаймұрат, Түсіпжанов Сансызбай, Төлепханов Бақыт, малшылар: Кенжебаев Қажыгелді, Бимусин Сейтбек, Өмірбаев Қасым, Расулов Әнуарбек, Зейноллаев Охан, құрылысшылар: Мусурманов Қабжан, Рахметов Бибол, Смағұлов Әдеп, Райстанов Кәрімхан, Бабаев Сембайдың еңбектері ешқашанда ұмытылмақ емес. Отаны үшін от кешкен Кешубаев Түсіп, Жырғаланов Исапа, Дікібаев Амантай, Қорғанбаев Құдайберген, Искаков Ақас, Құнанбаев Айхан, тыл ардагерлері Тұрғанғожин Мұқатай, Қазымбетов Сексенбай, Қайынбаева Шаки, Рахимжанов Сәлімтай, Өмірбаева Рахия, Кенжебаева Жанылхан бейбіт өмірде ауылдың өркендеуіне көп үлес қосты. Батыр аналар: Мусурманова Сақия, Құсайынова Дәрия, Бабаева Қорлан, Мағазова Қадиша, Тайтөлеуова Айхан, Рахимжанова Нұрғиза, Қуанова Тұрғайша, Сахариева Тұрсын, Абеуова Аманғайша тағы басқалары тәрбилеген ұлдар мен қыздар кең байтақ еліміздің әр жерінде қызмет етуде. Жас ұрпақты біліммен сусындатқан мектеп директорлары болған Азилов Қаден, Смаилов Асхат, Бекентуров Ғабпас, ұстаздар Таңсыққожина Зәмзәм, Тышқанбаев Нұрғазы, адам өмірінің арашасы болған ақ халатты абзал жандар Жұмағұлов Дәулет, Бейсенбекова Рымтай, Мұсаханова Райханның игі істері ел жадында. Алдыңғы толқын ағалар ісін жалғастырған Желдібаев Сұлтан, Орақбаев Серік, Күленов Амангелді, Құдайбергенов Нұрлан, Тұяқбаев Серікбосын басшылық жасайтын шаруа қожалықтары, Мұқажанов Гүл, Жұмагелдина Шәпиза сияқты кәсіпкерлер ауылдың экономикасының дамуына, әлеуметтік саласының жақсаруына көп еңбек сіңіріп, ел құрметіне бөленіп жүр.

Ауылдық округ туралы жалпы мағлұмат

Әкімшілік орталығы: Сарыарқа ауылы, оның аудан орталығынан қашықтығы 70 км, облыс орталығынан қашықтығы 380 км.
Ауыл әкімшілігінде 2 елді мекен бар. Олар: Биесимас ауылы, Шұбартөс ауылы.
Ауылдық округтің жалпы жер көлемі: 107 810 га. Оның ішінде егістік 8000 га, шабындық 2784 га. 61 шаруа қожалығы бар. Орта мектеп-1, бастауыш мектеп-1, ФАП-1,ФП-2, Спортзал-1, Кітапхана-2, АТС-1, телефонмен қамтамасыз етілген үй саны-138, тойхана-1, оқушы саны-205, мұғалім-35.
01.09.2010 жылға халық саны – 1250 адам, оның ішінде зейнеткерлер -102, тылда еңбек еткендер-5, «Алтын алқа» иегері -36, «Күміс алқа» иегері-16, көп балалы аналар (4 бала 18 жасқа дейін)-33.
Селолық Кеңестің төрағалары болып 1969-1987 жылдары Тұрғанғожин Мұқатай, 1987-1994 жылдары Ахмешов Бекболат қызмет атқарды.
Ауыл әкімдері болып 1994-2003 жылдары Құдайбергенов Нұрлан, 2003 жылдан Ахмешов Бекболат қызмет атқаруда.
Хатшылары болып Кешубаева Гүлжанат, Исаева Гүлжан, Биғазин Мақсат қызмет атқарды.
2010 жылдың 1 қаңтарынан мал саны: ірі қара -2820 бас, қой-ешкі-7600 бас, жылқы-847 басты құрады. 2009 жылы 4138 цн ет, 20100 цн сүт, 152 цн жүн, 262 мың дана жұмыртқа өндірілді. Мал шаруашылығынан түскен өнім 236 млн теңгені құрады. 2009 жылы 3200 га егін егіліп, әр гектардан 8 центнерден өнім алынды. Шаруа қожалықтарының есебінде 5- К 700 тракторы, 16 комбаин, 21- шынжыр табанды тракторлар, 61-дөңгелекті тракторлар, 15-жүк автомашиналары бар. 2009 жылы сметалық құны 52 млн теңге тұратын жаңа су жүйесі пайдалануға берілді.
1 әлеуметтік дүкен ашылды. Ауылдағы мәдени іс-шаралардың өтуіне, әлеуметтік мекемелердің материалдық –техникалық базасын жақсартуға, тұрмысы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетуге, ауылдағы мұражай құрылысына шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер, ауыл азаматтары -600 000 теңгенің демеушілік көмегін жасады. Атап айтқанда Желдібаев Сұлтан 135 000 теңге, Орақбаев Серік 20 000 теңге, Күленов Асқар 25000 теңге, Бекентұров Қабдеш 16000 теңге, Тұяқбаев Рымжан 20000 теңге, Дікібаев Қуаныш 8000 теңге, Мұқажанова Гүл 10000 теңге, Нигазбаева Камалхан 7000 теңге және басқа да азаматтар демеушілік көмек жасады.

Сарыарқа - ұлылар мекен еткен киелі жер

Аягөз ауданының Сарыарқа ауылдық аймағында қара қылды қақ жарған, артына өшпес дана сөздері қалған Байқара, Ақтайлақ, Аққожадай сайын даланың дана да дара билері, Әбілпейіз хан, Солтабай төре, Қисық хандай ел басқарған сұлтандар мәңгілік жәй тапқан. Бұл өлкеде осындай ұлы бабалардың ұрпақтары – жеті атаға созылған билер мектебінің өкілдері, сыбан руының аттары елге танымал болған ақындар мектебінің өкілдері ғұмыр кешкен. Елі мен жерін қорғаған Ботақара батыр, қазақтың тұңғыш оқыған азаматтарының бірі, Петербургте оқып білім алып, поручик әскери шенін алған Ителмен Сейтенұлы мәңгілік жәй тапқан мекен.
Сарыарқа ауылынан 8 шақырым қашықтықта Қайрақты тауларының баурайында, Қайрақты өзенінің Балтақара өзеніне құйылысындағы жотадағы әкелі балалы Байқара мен Ақтайлақ билердің кесенелері бүгінгінің жадында жүруге, келер ұрпаққа аманат ету мақсатында қайта жөнделіп, архитектуралық келбеті жарасқан еңселі, сәулетті кесене болып тұрғызылды.
Байқара би Құттыбайұлы 1699 жылы туып-1775 жылы қайтыс болған, Найманның сыбан руынан. Атасы Нарынбай би Ташкентте бек болса, әкесі қу дауысты Құттыбай би шешен атанған.
Аталы сөздерімен, бар күш-жігерін ел бірлігін сақтауға арнаған, кезінде елінің ақылшы кемеңгері ретінде танылған Ақтайлақ би Байқараұлы 1742 жылы дүниеге келіп, 1838 жылы қайтыс болған. Ол – би, шешен, жырау, қоғам және мемлекет қайраткері. Ақтайлақ жастайынан шешендігімен көзге түсіп, үлкен жиындарда бір ауыз мақалмен немесе жырмен даулы істерді әділетті шешкендіктен «қазақтың қара тілі, қас биі» атанған. Мемлекет ісіне ерте араласқан. Абылай хан Көкшетауға үш жүздің елу биін шақыртып, қазақ руларының шежіресін жаздырған, оның ішінде Ақтайлақ бар бес биге соңғы нұсқасын жасатқан. Ақтайлақ би 1773 жылы Болат ханның атынан Қытай императоры Цяньмунға елші болып барып, келіссөз жүргізген.
Балтақара мен Талды-Борлы өзендерінің қиылысқан тұсында алыстан мұндалап Сыбан руының Байкөбек-Шақа тармағынан тарайтын Аққожа би Қалыбайұлының зираты көрініп тұрады. 2009 жылы Аққожа бидің ұрпағы ғылым докторы, академик, еліміздің ғылым-бизнес саласындағы танымал азамат Қанат Асаубаев бидің басына сәулетті де еңселі кесене тұрғызды. Аққожа би шамамен 1775-1850 жылдары өмір сүрген.
Сарыарқа ауылынан 10шақырым қашықтықта Балтақара өзенінің бойындағы төбеде Бопыұлы Солтабай төре (ХVIII-XIX ғ.ғ) мәңгілік жәй тапқан.
Қисық Тезекұлы(1780-ө.ж.б.) Абайдың құдасы. Ел басқарған адам. Найман ішінде Мұрынның Кенже атасынан. Қисық өз елінде талай рет болыстыққа, Аягөз дуаны құрамынан Көкпекті дуаны ашылғанда, 1844 жылдан аға сұлтан болып сайланған. Аннен лентасына тағылған алтын медальмен (1823 ж 23 мамыр), «Үздік қызметі үшін» алтын медальмен наградталған. 1833 ж 2 сәуірде поручик, 1842 жылы штабс капитан шені берілген.

  Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы, Сарыарқа тіректі ауылының 2020-2029 жылдарға арналған кешенді даму жоспары *.docx 1.4 MB
  Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Сарыарқа ауылдық округінің 2018-2020 жылдарға арналған кешенді даму жоспары M *.doc 1.5 MB
  Аягөз ауданы Сарыарқа ауылдық округі әкімінің 2014 жылғы атқарған жұмыстары жөнінегі есебі *.doc 34 KB

 

Бет өзгертілді: 23-09-2019