Аудан аймақтары

Нарын ауылдық округінің әкімі

Тусупов Медет СерікбосынұлыНарын ауылдық округінің әкімі – Тусупов Медет Серікбосынұлы
Тусупов Медет Серікбосынұлы 1983 жылы 10 мауымда ҚР, ШҚО, Аягөз ауданы, Нарын кеңшарына қарасты Қаражал елді мекенінде дүниеге келді. 1990 жылы отбасымен Нарын ауылына қоныс аударды.  Сол жылы сол кездегі В.И.Ленин атындағы орта мектептің 1 сыныбына қабылданып, оны 2000 жылы бітіріп шықты. 2002 жылы Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіне түсіп, оны 2007 жылы  информатика мамандығы бойынша бітірген. Сол жылы, яғни 2007 жылы Аягөз қаласындағы ЖҚС-на оператор қызметіне қабылданды. 2014 жылдың сәуір айынан шілде айына  дейін Ақши ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман қызмет атқарды.  2014 жылдың шілде айынан бастап 2015 жылдың маусым айына дейін Нарын ауылдық округі әкімі аппаратында жетекщі маман қызметін, 2015 жылдың маусым айынан 2016 жылдың тамыз айына дейін Нарын ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман, ауыл әкімінің міндетін уақытша атқарды. Аягөз аудандық аймақтық сайлау комиссиясының 2017 жылғы 18 ақпандағы шешімінің негізінде аудан әкімінің 20 ақпандағы № 29-к өкімімен Нарын ауылдық округі әкімі қызметіне тағайындалды.

Жұмыс тел. 72237 3-22-06
Азаматтарды қабылдау күні: әр аптаның сәрсенбі және жұма күндері сағ.14.30-дан 18.30-ға дейін

Әкімнің лауазымдық міндеттері

  • азаматтардың өтiнiштерiн, арыздарын, шағымдарын қарайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнiнде шаралар қолданады;
  • салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi жинауға жәрдемдеседi;
  • әкім аппараты әкімшісі болып табылатын бюджеттік бағдарламаларды әзірлеп, тиісті мәслихаттың бекітуі үшін жоғары тұрған әкімдіктің қарауына енгізеді;
  • азаматтар мен заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметi актiлерiнiң, орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар нормативтiк құқықтық актілерiнiң нормаларын орындауына жәрдемдеседi;
  • өз құзыретi шегiнде жер қатынастарын реттеудi жүзеге асырады; 
  • ауылдық округтiң мемлекеттiк тұрғын үй қорының сақталуын, сондай-ақ ауылдық округте автомобиль жолдарының салынуын, қайта жаңартылуын, жөнделуiн және күтiп ұсталуын қамтамасыз етедi;
  • шаруа қожалықтарын ұйымдастыруға, кәсiпкерлiк қызметтi дамытуға жәрдемдеседi;
  • өз құзыретi шегiнде әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет, азаматтық қорғаныс, сондай-ақ жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы мәселелер бойынша заңдардың орындалуын ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
  • әдiлет органдары жоқ жерлерде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен нотариаттық iс-қимылдар жасауды, азаматтық хал актiлерiн тiркеудi ұйымдастырады;
  • тарихи және мәдени мұраны сақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады; 
  • табысы аз адамдарды анықтайды, жоғары тұрған органдарға еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөнінде ұсыныс енгізеді, жалғызілікті қарттарға және еңбекке жарамсыз азаматтарға үйінде қызмет көрсетуді ұйымдастырады;  
  •  жергiлiктi әлеуметтiк инфрақұрылымның дамуына жәрдемдеседi;
  • қоғамдық көлiк қозғалысын ұйымдастырады;
  • шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда ауруларды дәрігерлік көмек көрсететін таяу жердегі денсаулық сақтау ұйымына дейін жеткізіп салуды ұйымдастырады;
  •  жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимыл жасайды;
  • шаруашылықтар бойынша статистикалық есепке алуды жүзеге асырады; 
  •  жергілікті бюджетті бекіту кезінде қала, аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты сессияларының жұмысына қатысады; 
  • республикалық маңызы бар қалада, астанада, облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан мәдениет мекемелерін қоспағанда, мектепке дейін тәрбие беретін және оқытатын ұйымдардың, мәдениет мекемелерінің қызметін қамтамасыз етеді;
  • өз құзыретi шегiнде елдi мекендердi сумен жабдықтауды ұйымдастырады және су пайдалану мәселелерiн реттейдi;
    20) елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады; 
  • туысы жоқ адамдарды жерлеуді және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын тиісті қалпында күтіп-ұстау жөніндегі қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады;
  • ауылдық округ әкімінің құзыреттеріне аудан орталығымен көлік қатынасын ұйымдастыру жөнінде аудандық атқарушы органға ұсыныстар енгізу, сондай-ақ ауылдық жерде оқушыларды мектепке дейін және кейін қарай тегін жеткізіп салуды ұйымдастыру да жатады. 
  • ауылдық округ әкiмi өзiнiң құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша өзiне жүктелген мiндеттердiң iске асырылуы үшiн жоғары тұрған әкiмнiң, аудандық мәслихатының алдында жауап бередi. 

 

Құрылымы жөнінде тарихи анықтама

Елді мекен, жер, су аттары тарихтың хаты десек, кейбір атаулар табиғи жағдайына, қайсы бірі ежелгі тайпалар аттарына, ал көптеген жер-су аттары он жетінші – онсегізінші ғасырларда жоңғар шапқыншыларына қарсы елімізді азат ету соғыстарына байланысты қойылған. Соның бірі қазақ ордасының тәуелсіздігі үшін күрескен даңықты қолбасшы Шынқожа батырдың есіміне байланысты қойылған деп Қазақ Совет Энциклопедиясында (ҚСЭ) қысқаша түсініктеме берілген (12 том, 330-бет, 1978 жыл). Шынқожа атау 1760 жылдары белгілі болған. Шынқожа батырдың аңызға айналған ерлігі, қол бастаған асқан дарынды қолбасшылығы, өжет те өр жастарды бауырына тартып, ұрыс өнерінің қыр-сырына баулыған үлгі өнегесі ғасырлар бойы ұмытылмай бізге жетуінің өзін бабаларымыздың аруақты қасиеттілігінің бір белгісі деп білеміз. Шынқожа елді мекені тоғыз жолдың торабы, Республикалық дәрежедегі Алматы-Өскемен тас жолының бойында орналасқан, ауылға Аягөзден кіре берісінде сол кездегі ауылдық округін басқарған Уатаев Төлеуханның бастамасымен Шынқожа батырға 1997 жылы ескерткіш орнатылып, ас берілді.

Алғашында, 1929 жылы 80 жылдық тарихы бар Қытай Халық Республикасы мен Кеңес одағын байланыстырушы күре тамыры ретінде салынған Аягөз-Бахты тас жолының бастау алған жері.

Бұл өңірде колхоздастыру кезеңі 1920 жылдың наурыз айында басталып, Көк-төбе – Ақшәулі ауыл советі құрылды. Председателі болып Б.Балғабаев тағайындалды. Бұл құрылған ауыл советіне Ақшәулі, Қоңыршәулі, Нарын, Қарағаш ауылдары қарады. Кейіннен төртке бөлініп, Нарын ауыл советінің председателі болып Мергенбаев Тұрсағұл, хатшысы Арықмолдин Нұрахмет тағайындалды. 1928 жылы Кедейтілек колхозы құрылып, басқармасы болып Т. Отыншин тағайындалды.

Жаңа-еңбек колхозы-орталығы Төленді, басқармасы  Орынбаев Тұралы,  Ленин колхозы-орталығы Ханкелді, басқармасы Қайранбаев Түсіпжан, Жаңа ауыл колхозы-басқармасы Бабаев Ақатай, Красный Октябрь колхозы-басқармасы Бабаев Рахат. Осы төрт колхозды ірілендіріп Ленин колхозы 1950 жылы құрылған. Колхоздың председателі Жұмашев Закария, орталығы Шынқожа ауылы болып белгіленді. 1963 жылы осы іріленген колхоздарды біріктіру нәтижесінде колхоз совхозға ауыстырылып, Нарын қой совхозы болып құрылды. Совхоз директоры болып Аханов Зада, партком секретары Байтұяқов Мұқаш ақсақалдар қызмет етті. 1967 жылдың шілдесінен 1969 жылдың ақпанына дейін совхоз директоры болып Бапиев Қайырбай қызмет етсе, 1969 жылдың ақпанынан 1979 жылдың тамызына дейін Ахметов Өкен директорлық жұмыста болды. 1979 тамызынан 1984 жылдың шілдесіне дейін совхозды Мұқаев Кеңесбек басқарды. 1984 жылдан 1995 жылға дейін совхоз директорын Салқымбаев Сәдібек атқарды.

Оқу-ағарту саласы бойынша.

1925 жылы Шынқожа елді мекенінде тұңғыш рет бастауыш мектеп ашылды. Мектепті салғызған Кенжебазар Шакетов ағамыз. 1933 жылы Төленді елді мекенінде 7 жылдық мектеп үйі салынды. Мектепті тұрғызушы Ибраев Жақып. 1950 жылы Төленді елді мекеніндегі 7 жылдық мектеп колхоз орталығы Шынқожа ауылына көшірілді. 1961 жылы 8 жылдық мектеп болып өзгертілді. Ал 1973 жылы 10 жылдық мектеп болып құрылды. 1992 жылы жаңа үлгідегі үш қабатты 865 орынға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілді. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 523 қаулысымен мектепке «Шынқожа батыр» есімі берілді.
Ауылымызда ұзақ жылдар бойы мектеп директоры болып Азилов  Кәден ағамыз қызмет істеді. Ұлағатты ұзтаздар көптеп қызмет көрсетті. Олар оқу-ісінің үздігі Исалин Қайырғазы, Болатова Сәлима, Рахышев Әуелбек, Исатаев Айтқазы,Ислямова Нұрғайша, Сейтқазина Гүлбаршын, Қарынбаев Қайырбек, Оспанов Әбдіқадыр, Өсімханова Орынғайша, Жалбағаев Биторы, Тұманбаев Бақтыбек, Дайрбаев Халел ағаларымыз бен апайларымыз табысты еңбек етті.
Жаңа үлгідегі пайдалануға берілген мектепке 1997 жылы «Шынқожа батыр» есімі берілуіне орайластырылып Қарынбаев Қайырбектің бастамасымен Шынқожа Базарқұлұлына арналып мұражай ашылды. Көп жылдарғы ұстаздық жолында Қарынбаев Қайырбек мектеп оқушыларын алғашқы әскери дайындық жүйесінде дәріс берсе, ауылдың танымал азаматтары жайлы тарихи оқиғаларды жинастырумен айналыса келіп өлке тану мұражайын – Ұлы Отан соғысына қатысушылардың белгісін орнатуға көп еңбек сіңірген. Таяуда Аягөз жаңалықтары аудандық газетінің 80 жылдығында аудан әкімінің алғыс хатын алып, Қазақстан Республикасының Жазушылар Одағының мүшесі болып танылды.

1963-1991 жылдары дәулетіне сәулеті сай өркендеп үлкен тас жол бойында сауда үйлері бой көтерді. Мәдениет үйі, мектеп, аурухана, басқа да тіршілікке қажетті нысандар ашылып, пайдалануға берілді. 1980 жылы су құбыры тартылды.

1980-1990 жылдары Нарын қой совхозы бойынша қой 70 000 бас, ірі-қара 3000 басқа, жылқы 700 басқа жетіп, егіс алқабы 20 000 гектарға ұлғайтылып, астық тапсыру 5000 тоннаға барды. Аудан көлемінде алдыңғы қатарлы шаруашылық болып танылды. Ауылдық кеңес төрайымы болған Керейбаева Нағима, Қадырова Рахилаш, Қанапиянов Кәміл, партком секретары Смағұлов Құмар, Жұмаханов Манас, кәсіподақ комитетін басқарған Мырзыкешов Сайдолла, Уатаев Төлеухан. Барлық жоғарыда аталған азаматтар ауылдың өркендеуіне, елдің әл-ауқатының артуына, шаруашылықтың экономикасының көтерілуіне өз үлестерін қосты.
Совхоз 1993 жылы ұжымдық шаруашылық болып қайта құрылды. 1995 жылы  таратылып, барлық мал, мүлік, негізгі қорлар жекеге берілді. Қазіргі уақытта Нарын ауылдық округінде 112 шаруа қожалықтары ұйымдастырылған. Жалпы округ көлемінде мал өсірумен айналысады. Мал негізінен 100% жеке меншікте. Жеке негізде жолаушылар тасымалында Алматы-Өскемен тас жолының бойында жолаушыларға қызмет көрсетумен айналысады.

Жалпы 2010 жылға деп қалған малбасы:
Жылқы – 731 бас, аналығы – 280 бас
Ірі-қара – 2820 бас, аналығы – 1250 бас
Қой-ешкі – 13505 бас, аналығы – 9500 бас

Өткен 2010 жыл малшылар қауымына өте ауыр жыл болды. Тыңғылықты дайындық арқасында ірі-қара малына әр қожалыққа шаққанда 99 бұзау алынып – 1110 бұзауға жетсе, қой-ешкіден әр 100 аналықтан 115 – тен төл алынып, 10100 бас қозы-лаққа жетті. Жылқы малынан 260 бас құлын алынып, бағылуда. Совхоз экономикасын көтеруге тамаша еңбек үлгісін көрсеткен маңдай алды механизаторлар Жакупбеков Төлеген, Жакупбеков Кәден, Мұхаметсыдықов Бақыт, Карленов Есентай, Нұралшин Төлеш, Құсайынов Егінбай, Тырбықов Сағдат, Маржыкенов Оразхан, Қалиасқаров Сансызбай, Мамышев Ргебай, Алдонгаров Нұртай, Мырзабаев Сакен, Мағыпаров Қызырбек, Жұмажанов Сабыр, Нұрғалиев Жұмағазы, Байшөкенов Мұқан, Өтегенов Жақсыбек, Омарбеков Жарылқасын, Өтегенов Әділғазы, бақташы-малшылар Ошақбаев Солтан, Бікіров Халелхан, Омарбеков Зеккен, Абдрахманов Қажығабыл, Шапиев Тұрархан, Саңқайбаев Құрман, Оразов Ержан, Жанпеисов Дәулетбек, Шериязаданов Сейсенбек ел құрметіне бөленсе, сол тұста тікелей өндірісте жұмысшы-механизаторлармен бақташылармен қояма-қолтық қызмет атқарған бөлімше меңгерушілері Айтқазин Сайдрахмет, Рүстемов Рахманғали, Төлеуханов Төлеумұхамет, Ахметолдин Қабылахмет, Трактор бригадасының жетекшілері Жұмагелдин Жарылқасын, Бекбосынов Совет, Керімбаев Совет, Көбегенов Сәкен, Ауалиев Көбеген өздерінің ұйымдастырушылық қабылеттерінің арқасында  кеңшар экономикасының табысын еселеуге орасан зор еңбек еткен жандар.     
Еңбектің тамаша үлгісін көрсеткен еңбек және соғыс ардагерлері, Даңқ орденінің иегері Омарбеков Қасым, Ленинград қаласын қорғаушы Сабилянов Салих, Нұрғалиев Әділхан, Өтегенов Қанапия, Искаков Айтбай, Жайдарин Баду, Смағұлов Қабден соғыстан кейінгі кенжелеп қалған шаруашылықты дамытуға, елдің әл-ауқатын арттыруда, ағайын арасында татулықтың сақталуына да үлгі көрсете білген аға ұрпақтың өкілі еді.

Білімімен білікті атанғандар:
-   Философия ғылымының кандидаты  Сағтбек Омарбайұлы
-   Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Сәкен Боранбаев  
-   Физика-математика ғылымдарының кандидаты Кәдірхан   
Тұхметоллаұлы Жаппаров
-   Шәкәрім атындағы СМУ профессоры Жабайхан Кайкенов
-   Қазақ ССР Ауылшаруашылығына еңбек сіңірген қайраткер, үш мәрте
Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған, Австралия елінің Сидней            
қаласының Құрметті азаматы атанған Ерғазы Тәңірбергенов

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП- ның бюро мүшесі Нұртай Салихұлы Сабилянов  
Еңбекпен көрікті:

  • КСРО «Құрметті шахтері» атанған Рүстем Омарбаев
  • КСРО «Құрметті трактаристі» атанған Алдаш Шапишев
  • Ел қорғаны ағалар:

    1. Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қызметкері, генерал-майор Ж.К.Бериков
    2. Әділет полковнигі Сләмхан Шапишев
    3. Әділет подполковнигі Жұмақабыл Абдрахманов
    4. Әділет подполковнигі Мақсұт Исатаев
    5. Әскери қызтеткер, подполковник Дарын Әміржанов Қажыкенұлы
    6. ССП «Сұңқар» майоры Марат Қашаев

    Өнерімен өрісті:  

    1. Президенттік оркестр домбырашысы Базаралы Түсіпжанов
    2. Жазушылар Одағының мүшесі ақын Қайырғазы Исалин
    3. Жазушылар Одағының мүшесі, «Сөзстан» баспасының редакторы, сатирик – жазушы  Қазыхан Әшенов

    Нарын ауылдық округі туралы жалпы мағлұмат

    Нарын ауылдық округі 1920 жылы құрылған. Орталығы Шынқожа ауылы. Нарын ауылдық округінің аумағынан Үлкен-Нарын және Кіші-Нарын өзендері ағып өтіп Аягөз қаласының маңында Аягөз өзеніне құяды. Нарын атауының мағынасы ені тар деген ұғымды білдірсе керек. Өзен сулары жазғы шілде, тамыз, қыркүйек айларында тартылып қалады. Негізінен қар суымен ағатын өзендерге жатады, суы тапшы. Шынқожа елді мекені аудан орталығы Аягөз қаласынан 35 шақырым, облыс орталығы Өскемен қаласынан 340 шақырым қашықтықта орналасқан, жол қатынасынан бөгет жоқ. Аумағы 117600 гектарды құрайды. Негізінен шөл және шөлейт аймақтарға жатады. Жылдық ылғал мөлшері 250-280 мм. Жылдың 365 күнінің 280 күні қыста бұрқасындатып жазда аңызақ жел есіп тұратын аймақ. Елді мекендері: Төленді, Ай, Қарауыл, Шынқожа. Барлығы 1665 адам, 318 шаңырақ бар. Халықтың экономикалық белсенді бөлігі 666 адамды құрайды. Зейнеткерлер 231 адам, әр түрлі жәрдем ақы алатындар саны 165 адам. Халықтың ұлттық құрамы:  қазақтар 1650 адам, дүнгендер 13 адам, орыстар 2 адам.  
    318 шаңырақ бар, оның 290 шаңырағы мал өсірумен айналысады (91%) және жеке меншік қосалқы шаруашылықтары бар. 2008 жылғы мал өнімі: ет 8175 центнер, сүт 17050 центнер, 83000 дана жұмыртқа, 190 центнер жүн өндірсе, 2009 жылы ет 8449 центнер- 103%, сүт 17200 центнер-101%, жұмыртқа 86000 дана-104%, жүн 224 центнер-118% артығымен орындалды.
    Биснестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында шаруа жетекшілерімен келісім жасай отырып демеушілік жасаған азаматтар: ауылымыздағы жастарды бұқаралық спортқа тарту мақсатында, футбол ойынын жандандыруды қолға алып 2009 жылы Шынтемір шаруашылығының жетекшісі Мұстафин Амангелді команданы спорттық киіммен жабдықтауға 40000 теңге берсе, екі ай бойы Аягөз қаласындағы «былғары доп» жүлдесіне апарып, алып қайтуға 96000 теңгенің қызметін жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөлігі бар тұрғындары көмекке келді. Бірнеше ойыншыларымыз аудан командасының құрамына ілікті. Жеңістің 65 жылдығына орай тыл еңбеккерлеріне мерекелік дастархан жасауға, си-сияпат көрсетуге :

    1. Жауар ш/қ төрағасы  К.Баяхметов  - 10000 теңге
    2. Шынтемір ш/қ төрағасы А.Мұстафин  - 15000 теңге
    3. Мақсат ш/қ төрағасы Ә.Ақбаев  - 10000 теңге
    4. Нұрдәулет ш/қ төрағасы С.Бақиянов  - 10000 теңге демеушілік жасады.

    Ауыл тұрғындарының мектеп жасына дейінгі балаларына Жаңа жыл шыршасына кәсіпкер Кенжешов Ертіс 35000 теңге бөлсе, ауыл дәрігерлерінің төл мерекесіне шаруа қожалығының жетекшілері:
    Арасанбаев Ғалымбек – 10000 теңге
    Жалбағаев Асхат - 10000 теңге көмек берді.
    Ауылдағы тұрмысы төмен, асыраушысынан айырылған отбасыларына бір телешка шөппен, ақшаға шаққанда 13000 теңгеден көмек бергендер:

    1. Болатбек ш/қ төрағасы Мағыпаров Болатбек
    2. Әділет ш/қ төрағасы Жалбағаев Асхат
    3. Жасұлан ш/қ төрағасы Алдонғаров Нұртай
    4. Бағлан ш/қ төрағасы Қалиасқаров Нұрбек
    5. Нұрдәулет ш/қ төрағасы Бақиянов Серік бес отбасына жәрдем көрсетті.

    Сондай тұрмысы төмен отбасына Ақтүбек ш/қ төрағасы Искаков Сиезхан 3 тонна (18000 теңге) көмірмен жәрдемдесті. Болатбек ш/қ төрағасы Мағыпаров Болатбек орталық мешітке бір машина жанама отынмен және мүмкіндігі шектеулі балаларға деп 11000 теңге демеушілік көрсетті.

    Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Нарын ауылдық округінің 2018-2020 жылдарға арналған арналған кешенді даму жоспары *.doc 1.7 MB
         

     

    Бет өзгертілді: 10-04-2018